15-01-21 |
1970 рет қаралған
Досым Сәтпаев: «Ескі ойыншылардан құрылған парламент».
Досым Сәтпаев: «Ескі ойыншылардан құрылған парламент»

Сарапшылар жаңа мәжіліс «ескі жүйеден шыққандардан жасақталды», «Нұр Отанның» сөзін сөйлейді» деп санайды. Сарапшылар пікірін Азаттық ұсынады.

ЖАҢА МӘЖІЛІСКЕ КІМДЕР БАРАДЫ?

Орталық сайлау комиссиясы ресми нәтижені жариялаған соң елдің экс-басшысы, президенттіктен кетсе де билікке әсер етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы 76 мандатқа ие болды. Мәжіліске өтетін жеті пайыздық межеден асқан «Ақ жол» партиясына мәжілістен 12, Қазақстанның халық партиясына он орын тиді. Тоғыз депутат экс-президент Назарбаев өмір бойғы төрағасы саналатын Қазақстан халықтары ассамблеясынан сайланды.

«Нұр Отан» мәжілістегі фракциясы «70 пайызға жаңарғанын» айтып мақтанып, «тізімдегі 36 депутат – биыл жаз бен күзде партия өткізген праймериз жеңімпаздары, ал 40 депутаттың партия саяси кеңесінің квотасымен бекітілгенін» алға тартты.

«Нұр Отан» партиясы «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға 2020 жылы енгізілген өзгеріс талаптарын орындағанын, партия фракциясы жаңа құрамының 40 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұратынын да хабарлады. «Ақ жол» мен «Қазақстан халық партиясы» да егде жастағы депутаттарын азайтқаны байқалды.

«Нұр Отан» тізіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның енгені негізгі жаңалық болды. Мәжілістің алтыншы шақырылымында спикер болған, Назарбаевтың маңында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Нұрлан Нығматуллин; мемлекеттік газеттерде бас редактор болған журналист Жанарбек Әшімжан; партияның жастар қанаты «Жас Отанды» басқарған Елнұр Бейсенбаев; жастар атынан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған 25 жастағы Мәди Ахметов; алтыншы шақырылым депутаттары Бекболат Тілеухан, Бақытбек Смағұл және Геннадий Шиповских бар.

Желіге шолу: «Ескерткіш қоюды ұсынған жас жігіттің депутат болғаны жастарды жағымпаздыққа тәрбиелейді»

Назарбаевтың алдында өлең оқыған, бюджет ақшасына 28 млн теңгеге жыр кешін өткізіп, басы дауға қалған ақын Мақпал Тәжмағамбетова (Мақпал Мыса) да «Нұр Отан» атынан депутат болды.

«Ақ жол» партиясының төрағасы, алтыншы шақырылымда депутат болып, Назарбаев президенттіктен кеткенде жылаған Азат Перуашев та мәжілісте қалды. 2016 жылы «Ақ жолдың» тізіміне енбей қалып, желіде ашулы пост жазған журналист Қазыбек Иса да жаңа мәжілісте депутат болды.

Қазақстан халық партиясынан 2011 және 2019 жылы президент сайлауына түсіп, бір пайыздың маңайында дауыс алған Жамбыл Ахметбеков, Назарбаев саясатын қолдайтын партия төрағасы Айқын Қоңыров, коронавирус індеті өршіген тұста ерікті болып, белсенділер тарапынан мақталған Ирина Смирнова мәжіліске қайта барады.

Азаттық сарапшылардан, экс-депутаттардан, мәжіліске енді баратын депутаттардан «жаңадан сайланған парламенттің бұрынғы парламенттен өзгешелігі қандай болады? Қазақстан қоғамы талап етіп жүрген саяси реформаларға бастамашы бола ала ма?» деп сұрап көрді.

«БИЛІК ТРАНЗИТІН АЯҚТАЙТЫН МӘЖІЛІС БОЛУЫ МҮМКІН»

Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев жаңа мәжілісті «қоғамның пікірінсіз ескі ойыншылардан құрылған парламент» деп бағалайды.

– Билік жаңа адамдар пайда болды деп отыр. Жақсы делік! Бірақ олардың бәрі ескі ескі жүйеде пайда болғандар ғой. Сондықтан қазіргі парламент саяси реформа жасайтын үлкен іргетасқа айналады дегенге тек аңқау адам сенер. Былтырғы пандемия билік үшін үлкен сабақ болуы керек еді. Коронавирус қазіргі саяси жүйе мен парламенттің тиімсіздігін көрсеткенін түсіну үшін өте қырағылықтың қажеті де жоқ ғой, – дейді саясаттанушы.

Сенаттың экс-депутаты, саясаткер Уәлихан Қайсар жаңадан жасақталған мәжілістің «халықтың мәселесін шешетініне» күмәнмен қарайды, «жаңа мәжіліс халықтың сөзін сөйлемейді» деп санайды.

– Тоқаев айтқан реформа болмақ түгілі кері кетті. Бес жылда билік тоғыз партияны тіркемей қойды. Мәжілісте сол бұрынғы үш партия қалды. Мәжіліске халықтың мәселесін көтеретін, халықтың сөзін сөйлейтін адамдар келді деп айта алмаймын. Бәрі «Нұр Отанның» сөзін сөйлейді, – дейді ол.

Қазақстандағы билік транзиті жайлы жиі айтып жүрген саясаттанушы Қазбек Бейсебай жаңа сайланған мәжіліс билік транзитін аяқтайтын мәжіліс болуы ықтимал деп санайды.

– «Нұр Отан» партиясының тізімінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева да бар. Егер ол мәжіліс төрайымы болса, онда биліктегі ықпалды орталық өзгеруі мүмкін. Парламентттік басқару жүйесіне көшу жөнінде бастама тектен-тек айтылып жүрген жоқ. Ондай мәселе тек жоғарының рұқсатымен ғана айтылады. Егер ол бастама талқыланса, бұл парламенттің билік транзитін аяқтау үшін жасақталғанын түсінуге болады. «Нұр Отанның» 70 пайыздан жоғары дауыс алғаны да билік транзитін жүзеге асыратын сенімді және басым саяси күш керек екенін көрсетеді, – дейді ол.

«Нұр Отан» партиясы атынан мәжілістің алтыншы шақырылымында бір жылдан аса уақыт депутат болған, 2020 жылдың қарашасында «елде халық сенетін, шындықты айтатын саяси күш жоқ» деген мәлімдемесінен кейін мандатынан айырылған Нұржан Әлтаев «кешегі сайлау биліктің саяси реформаларға әлі де дайын еместігін көрсетті» деп санайды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «саяси реформа жасап жатырмыз, әлі де жасаймыз» деп сөз жүзінде айтқанымен, іс жүзінде бұрынғы әдістерімен жұмыс істеп жатыр. Жаңа депутаттар арасында қоғамда белсенділігімен танылған азаматтар бар. Алайда парламентте оларды сөйлетіп қойып, ешкім қарап отырмайды. Енді бұрынғыдай өз бетінше емес, партияның рұқсатымен сөйлеуі керек болады, – дейді ол.

Мәжіліс депутаты болған Әлтаевтың сөзінше, «депутаттар сөйлейтін сөзін де, үкіметке қоятын сауалын да әуелі партия фракциясының бюросымен келісіп алуы керек».

«Сауалды әуелі бюро қарап, «бұл сұрақты қоюға болады, не болмайды» деп жауап береді. Рұқсат берсе де сауалды түзеп, күзеп тастайды» дейді ол.

Нұржан Әлтаев «мәжіліске баратын партиялардың барлығы да мандат беретін депутаттарын әуелі жоғары жақтың қарауынан өткізіп, келісімін алады» деп санайды.

– Әрине, партия танымал адамдарды да тартқысы келеді, бірақ бірінші кезектегі критерий – билікке қарсы шықпайтын адам болуы керек. Сондықтан парламенттің жұмысы депутаттарға емес, саяси реформаға тікелей байланысты, – дейді ол.

Депутаттың партия фракцияларына тәуелділігін «Нұр Отан» атынан алтыншы шақырылымда депутат болған 66 жастағы Омархан Өксікбаев та растайды. Оның сөзінше, «партиялық сайлау жүйесімен сайланған соң депутаттардың фракция келісімімен сөйлейтіні рас».

«60 ЖАСТАН АСҚАНДАР КЕТТІ, ЕНДІ ЖАСТАРДЫ КӨРЕЙІК»

Партия тізімінен шыққан сәтте «депутат емеспін, енді зейнеткермін» деген Өксікбаев «жаңа парламенттегі жастардан үміт күтетінін» айтады.

– Депутат [Владислав] Косаревтың ұйықтап отырған суретін салып, БАҚ-та, әлеуметтік желіде парламенттен шалдар кетуі керек деді емес пе? Таяуда телеарна бағдарламасында Ерлан Сайыров «парламент азусыз, талап қоя алмайды, жұмыс істемейді» деп маған қатты тиісті. Енді өзі депутат болды, қалай қауқарлы, азулы болатынын көрейік. «Нұр Отан» фракциясындағы 60 жастан асқандардың бәрі кетті. Енді жастарды көрейік. Парламент жұмысы – тілмен сайрайтын жұмыс емес. Білгірлік керек, заңды талдай білу қажет. Сондықтан жаңа депутаттарға біршама уақыт қажет болатын шығар, – дейді ол.

Ал жаңа депутат Ерлан Сайыров Өксікбаевтың сөзіне «азулы боламыз ба, жоқ па, оны уақыт көрсетеді, әуелі іске кірісейік» деді.

Сайыров өзі мүшесі болған Ұлттық кеңесте (Тоқаев президент атанған соң халық пен билік арасында көпір болады деп құрған кеңесі) ұсынған саяси реформаларды парламентте де айтатынына, әрі қарай жалғастыратынына сенімді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтарда ашылатын парламент мәжілісінің сессиясында саяси реформалар жалғасатыны жайлы айтады, яғни бұл бағытты әрі қарай тереңдетеміз деген сөз, – деді ол.

Сайлау науқаны қарсаңында «Ақ жол» партиясының төрағасы, депутат болып қайта сайланған Азат Перуашев мәжіліске барса, Қазақстанды президенттік басқарудан парламенттік басқару жүйесіне өткізу мәселесін көтеретінін айтқан еді. Қазақстан 1995 жылы қабылданған Конституциямен президенттік басқаруды барынша нығайтқан. Кейбір сарапшылар президент үстемдік құрған Қазақстанның мәжілісінде парламенттік басқару ұсынысы қаралса, «жаңа парламенттің басқалардан ең үлкен айырмасы сол болар еді» деп санайды.

Бірақ «Нұр Отанның» жаңа депутаты Ерлан Сайыров мұндай ұсынысты қолдамайтын көрінеді.

– Президенттік басқару қалуы керек. Қазіргі турбулентті геосаяси, геоэкономикалық өзгерістер кезінде президенттік басқару жүйесін өзгертуге болмайды, – деді ол.

ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі 10 қаңтардағы саяси науқанда «шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай өтпеді» деп бағалады. Халықаралық ұйым «Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды» деп мәлімдеді.

«Саяси алаңда билік партиясы үстемдік құрып отыр, партиялар мен үкімет арасындағы айырмашылық бұлыңғыр. Себебі сайлауға қатысқан барлық партия билік партиясының саясатын қолдайды. Үгіт-насихатта бәсеке болмады, сайлаушыларда шынайы таңдау мүмкіндігі болған жоқ» деп санайды миссия.

Қазақстандағы оппозициялық топтар 10 қаңтарда сайлауға бойкот жариялауды талап етіп, наразылыққа шықты. Бұл сайлауға билікке талап қойып жүрген оппозициялық топтар қатыса алмады. Өзін оппозициялық партия деп санайтын, ресми түрде тіркелген «Жалпыұлттық социал демократиялық партия» бұл сайлауға бойкот жариялады.

«Демпартия» құрғысы келетін бастамашыл топ, «Oyan, Qazaqstan» жастар қозғалысы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы сайлау күні дауыс беруге қарсы наразылық білдіріп, Назарбаевтың биліктен кетуін, саяси реформа жүргізуді талап етті.

Олар «Назарбаев билігі кетсін!», «Назарбаев пен Тоқаевқа дауыс бермедім», «Бойкот» деп ұрандатты. Азаттық тілшілер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Орал, Ақтөбеде полиция жүзден аса адамды күштеп әкеткенін көрген. Полиция ұстағандар арасында «Демпартия» құру тобының белсенділері мен «ҚДТ» (Қазақстан «экстремистік ұйым» деп таныған, Еуропарламент бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған) қозғалысының жақтастары бар.

Қазақстанда парламент мәжілісі бес жыл мерзімге сайланады. Келесі парламент сайлауы 2026 жылы, президент сайлауы 2024 жылы өтуі тиіс.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.