11-12-18 |
3130 рет қаралған
Екі мыңнан астам қазақ Қытайдан Қазақстанға өтуге рұқсат алды.
Екі мыңнан астам қазақ Қытайдан Қазақстанға өтуге рұқсат алды

Екі мыңнан астам этникалық қазақ Қытайдан Қазақстанға өтуге рұқсат алды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Ол Қытайдан Қазақстанға келуі тиіс адамдарда екі елдің де азаматтығы бар екенін айтқан.

– Қытай жағы екі мыңнан астам этникалық қазақтың Қазақстанға өтуіне рұқсат берді. Олар – ұсталғандар емес, тек бері шыға алмай жүргендер, – деді министрлік өкілі.

Оның сөзінше Сыртқы істер министрлігі қытайлық әріптестерімен бірге Қазақстанға өтуге ниетті адамдарға қандай құжат қажет екенін және олардың екі ел азаматтығын қалай алғанын анықтап жатыр.

Бұған дейін 26 қараша күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров «қос азаматтығы бар 14 адам Қытайдан қайта алмай отыр»деген еді. Ол жыл басынан бері Қытайдағы қысымға қатысты 915 адам шағымданғанын, 29 қазақстандықтың Қытай билігі тарапынан қос азаматтықты пайдаланды деген күдікке ілініп, қамауға түскенін, оның 15-і Қазақстан билігі араша түскен соң босап шыққанын хабарлаған.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысым көріп жатқаны туралы мәлімет қазақстандық ақпарат құралдарында 2017 жылдың сәуір айынан бастап жариялана бастады. Кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар жиі-жиі мәлімдеме жасады. Ал Қытай үкіметі «бұл экстремизмге қарсы шара» деп мәлімдеген және «қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын» айтқан.

Дереккөз: azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.