arasha.kz

Соғыста хабарсыз кеткен алты жүз мыңдай қазақ бар

Қаныш Сәтбаев университетінде «Қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыста: шетелдік архивтердің құжаттары» құжаттар жинағының таныстырылымы өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген «Архив-2025» туралы ұсыныстарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында ғалымдар зерттеулерінің нәтижесінде жарыққа шыққан  жинаққа қатысты маңызды деректер ашылды. Жинақтың І томында қазақтардың Европа елдеріндегі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысу тарихына жүргізілген кешендік ғылыми зерттеулердің нәтижелері жарияланған. Жинақ Ұлыбритания, Франция, Норвегия, Ресей, Финляндия секілді елдердің 15 шетелдік архивтері мен кітапханалары және мұражайларынан алынған құжаттық материалдардан құралған. Сондай-ақ І томға сол соғысқа куә болған адамдардың жеке архивтік құжаттары да енгізілді. Олардың қатарында алғаш жарияланған деректер де бар. Қазақстандық ғалымдар осы зерттеулер барысында мәліметтерді  жүйелі және кешенді қамтуға, архивтік және естелік құжаттарға сүйене отырып, қазақтардың ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысу жолдарын нақты суреттеуге тырысқан. Жинақты құрастырушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Меңдіқұлова жинақтың маңыздылығын атап өтті. «Әскери адамдар арасында «Соңғы әскер соғыстан оралғанша, соғыс аяқталды деп айтуға болмайды» деген қағидат бар. Тарихи деректер бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткендер қатарында 350-ден 600 мыңға дейін қазақтар бар. Есімдері бірінші томда жарияланып отырған бірнеше мың адамдар қазір табылып отыр. Енді оларды үйлеріне қайтты деп санауға болатынын ерекше атап өткім келеді» деп атап өтті ғалым. Тарихи ғылымдарды, әскер тарихын, әлеуметтік ғылымдар саласын қамтитын зерттеу нәтижелері білім беру жүйесінде де қолданылады.

Эльвира Серікқызы,

Дереккөз: «Егемен Қазақстан» газеті

Exit mobile version