arasha.kz

Көп балалы аналар Отбасы туралы жаңа заңға қарсы шықты

18 қаңтарда Нұр-Сұлтанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына бір топ көп балалы әйел жиналып, қыркүйек айында бірінші оқылымда мақұлданған «отбасындағы зорлық-зомбылық» туралы заң жобасын түсіндіруді талап етті. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Наразылардың пікірінше, «Тұрмыстық әлімжеттікке қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасында халықтың шынайы тұрмысына кереғар келетін қажетсіз талаптар бар.

Біз жобадағы 4 мәселеге қарсы шығып жатырмыз. Жобада зомбылықтың жыныстық, әлеуметтік, экономикалық және психологиялық, физикалық түрлерін ажыратқан. Ерекше тоқталатын нәрсе – экономикалық зомбылық. Жоба авторлары «экономикалық зомбылық» болмас үшін ата-аналар баланың бүкіл жағдайын жасауы керек, әрбір баланың шаршы метрі болуы тиіс дейді. Біз баланың жағдайын қалай жасаймыз? Өз басым 2013 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. 8 жылдан бері үйім жоқ. Бірінші мені үймен қамтамасыз етсін, жұмыс тауып берсін. Ең төменгі жалақы 42 500 теңге айлық алатындарға мемлекет «экономикалық зомбылыққа жол бермеңдер» деп қайтіп айтады? Неге олар өз-өздеріне қарсы шығады? – дейді наразылардың бірі Ұлжан Мырзагелдиева.

«Мықты аналар» қоғамдық қорының жетекшісі Райгүл Серебаева заң жобасының авторлары мен оны мақұлдаған депутаттар құжатты көп балалы аналарға түсіндіруі тиіс екенін, себебі көбі ондағы баптарды түсінбей жатқанын айтты.

– Көптеген көп балалы әйелдер, отбасылар заңды түсінбей жатыр. Қандай заң қабылданайын деп жатқанынан хабарсыз. Бізге соны түсіндіру үшін қандай да бір талқылау алаңын ашсын. Заңгерлер, шешім қабылдаған депутаттар корпусынан өкілдер келсін. Халыққа мұның бәрі дұрыс түсіндірілмейінше, осындай толқулар бола береді, – деді Райгүл Серебаева.

Еңбек министрлігінен аналар алдына ешкім шыққан жоқ. Бұдан соң наразы топ әділет министрлігіне қарай жылжыды. Оқиғаны полиция сырттай бақылады.

Былтыр қыркүйекте парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс үйдегі зорлық-зомбылық туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған. Бұл заңда зорлық-зомбылық қылмыс ретінде қарастырылмайды. Халықаралық ұйымдар тұрмыстық әлімжеттік туралы Қазақстан заңнамасын сынап келеді. Олар Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы заңнамасы «айыппұл төлеп, әрі қарай да күш көрсете беруге мүмкіндік береді» деп санайды.

Exit mobile version