Бішкектің Бірінші Май аудандық соты экс-президент Алмазбек Атамбаевты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп таныды. Істі қарау нәтижесінде ол сырттай 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, барлық мемлекеттік наградаларынан айырылды.
Атамбаев Чүй облысындағы Кой-Таш ауылынан заңсыз жер телімдерін алғаны, Бішкек ЖЭО-ны жаңғырту кезінде орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысқаны, сондай-ақ 2019 жылғы 7–8 тамызда Кой-Таш ауылында болған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, бұл іс бойынша басқа да жоғары лауазымды шенеуніктер айыпталып, нақты жаза алған.
Еске сала кетейік, Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметін 2011 жылдан 2017 жылға дейін атқарды. Бұл оған шығарылған алғашқы үкім емес: бұған дейін де басқа іс бойынша сотталып, түрмеде отырған, алайда 2023 жылы денсаулығына байланысты колониядан босатылған. Осыдан кейін ол Испанияға ұшып кетіп, отанына оралмаған.