arasha.kz

Әлемде 67 000 000 адам аутизммен өмір сүреді

Фото: Нұржас Жақсыбай - baq.kz

Фото: Нұржас Жақсыбай - baq.kz

Бүгін Астанадағы Keruen сауда орталығында Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай қайырымдылық науқаны өтіп жатыр. Оның мақсаты – аутизм проблемасы бар екенін барынша насихаттау. Бұл туралы «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова мәлімдеді.

Аутизмі бар 50-ден аса баланың ата-аналары, психолог-педагогикалық түзету кабинеттерінің (ППТК) өкілдері және қоғамдық ұйымдар ақпарат тарату мақсатында қосылып науқан өткізді. Онда ұйымдастырушылар халықты аутизм мәселесі жайлы хабардар етіп, ерекше күтімді қажет ететін балаларды түсіну және қолдауға шақырды. Ал, науқанды ұйымдастырушы «Болашақ» КҚ директоры Динара Шайжүнісова науқанның мақсаты жөнінде айтып берді.
«2 сәуір аутизм проблемасын нәсихаттау күні екенін білеміз. Сондықтан жексенбі күні қала халқы сауда орталықтарына көп келетіндіктен, осы жерде акция өткізуді көздедік. Мақсатымыз да сол – халықты аутизм проблемасы туралы максималды түрде ақпараттандыру», – деді Динара Шайжүнісова.

Оның айтуынша, аутизм диагнозы бар бала мен өзге баланың арасындағы айырмашылықты байқау өте қиын. Науқанға қатысып жатқан балалардың барлығы – бірдей, тең құқылы.

«Егер сырттан қарасаңыз, аутизм диагнозы бар бала мен өзге баланың айырмашылығын байқамайсыз. Олар қазір осы жерде бірге сурет салып, лего құрастырып жатыр. Аниматорлармен ойын ойнап, құмға да сурет салып жатыр. Тек оларға кішкене қолдау мен көмек керек. Кей жерде дауысты қатты шығармау деген секілді. Бұл жерде айтарлықтай ерекшелік жоқ. Яғни барлық балаға бірдей дайындалдық. Сондықтан, аутизм бар, бізде осындай проблема бар дегенді айтқымыз келеді. Аутизмі бар балалардың басқалардан шеттетілмей, барлығымен бірдей мектепке баруын, қоғаммен араласуын қалаймыз», – деді «Болашақ» КҚ директоры.

Әлем бойынша 67 000 000 адам аутизммен өмір сүретіндерін көбі біле бермейді, әлемде әр 42–ші ұл бала және әр 189–шы қыз бала аутизм спекторында.

Науқан кезінде балаларға музыкалық және шығармашылық аймақтар ұйымдастырылады. Онда: аквагрим, көркемдік шеберліктер, мольбертте сурет салу, тұзды қамырмен мүсіндеу, лего-аймақтары, аниматорлардың ойын-сауық бағдарламалары болды. «Ерекше мерекелер» қоғамдық ұйымының музыканттары өнер көрсетті.

3 000 ақпараттық флаерлер таратылып, науқанға мыңнан аса адамдар қатысты. Сонымен қатар, шара барысында қонақтарға 1 000 тг қайырымдылық жарна беріп өз дизайнымен, жеке ерекше суретімен сөмке алуына мүмкіндік болды. Барлық түскен қаражат «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке лайықты» жобасын іске асыруына жіберіледі.

Көк түспен бір тілім пазл әлемде аутизм рәмізі болып табылатынын естеріңізге сала кетейік. Көк түс «аутизм түсі» болып табылмайды. Көк – бұл Autism Speaks атты үлкен қоғамдық ұйымның фирмалық белгісі (2005 жылы негізін қалаған), өздерінің негізгі логотипіне басылған көгілдір түс және 2010 жылы бастау алған «Көкпен жақ» ұйымы өз маркетингтік науқанын өрбітуде.

Айта кететін жайт, инклюзивті қоғамды дамыту мақсатында және ерекше күтімді қажет ететін жандардың тең мүмкіндік алуы үшін «Болашақ» КҚ 30 наурызда жыл сайын бастау алатын БАҚ, медиа-мамандармен әуесқойлар арасында «Әр бала мектепке лайықты» инклюзивті білім алу жайлы ең үздік ақпаратқа 1 000 000 теңге ұтыс жариялады. Байқауға қатысам деушілерді шақырамыз. Қосымша ақпаратты осы сайттан таба аласыздар www.bolashakcharity.kz.

Дереккөз: baq.kz

 

Exit mobile version