arasha.kz

Мәдениет министрі фейсбукта кімдерді оқиды?

Фото - А.Мұхамедиұлының фейсбуктегі парақшасы

Фото - А.Мұхамедиұлының фейсбуктегі парақшасы

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сүйікті әншілері мен әлеуметтік желіде кімді тұрақты оқитынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр «Ninety One» тобының өнеріне қарсы болмаса да, әндерін тыңдамайтынын айтты.

«Мен көбінесе классикалық жанрды тыңдаймын. Бірақ «Ninety One» тобы халықтың, жастардың көңілінен шығып, жоғары дәрежеге жетіп жатса, әрине бұл өте қуанышты жағдай. Негізінен бізде өнердің барлық саласы болуы керек. Сондықтан «Ninety One» тобының халық алдында өнер көрсетіп жүргендеріне қуаныштымын», — деді министр «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде.

Мұхамедиұлы «Ninety One» солистерінің сырға тағып, шашын түрлі түске бояйтынын құптамайды екен.

«Шынын айтқанда, мен дәстүрлі көзқарастағы азаматпын. Оны (сырға тағу – автор ескертп.) онша құптамаймын. Менің екі ұлым бар, екеуі де спортпен айналысады, кітап оқиды, білімге құштар. Бірақ әркімнің қалауы, еркі өзінде. Оны шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. Бірақ ұлдарымның сырға тағуына қарсы боламын», — деді министр.

Осы орайда Мұхамедиұлы өзінің сүйікті әншілерін атады.

«Сүйіп тыңдайтын әншілер көп. Мәселен, Ескендір Хасанғалиев, «Музарт» тобы, дәстүрлі әнші Бекболат Тілеухан, Жеңіл Сейдоллаұлы. Димаш Құдайбергенмен жұмыс істедік, оның әндерін де тыңдаймын. Бұрын қазақ әншілері үлкен стадионға шыға алмайтын. Қазір Құдайға шүкір, мүмкіндік зор. Біздің қазақ эстрадасы қазір өте жоғары деңгейде. Әншілеріміз шетел асып жатыр. Димаштан басқа, Қайрат Нұртас шетелде өнер көрсетті, жақында Мадина Сәдуақасова Қытайға барып келді. Мұның бәрі жетістік», — деді ол.

Сонымен қатар, мәдениет министрі әлеуметтік желіде кімдерді тұрақты оқып отыратынын айтты.

«Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде көп отыратын уақытым жоқ. Фейсбукте тіркелгенмін, Мұхтар Тайжан, Серік Аббас-Шахты тұрақты түрде оқып тұрамын. Күніне 10-15 минут қана бөлемін желіге», — деген Мұхамедиұлы атышулы блогер Айжан Байзақованы оқымайтынын атап өтті.

Дереккөз: sputniknews.kz

Exit mobile version