05-02-25 |
250 рет қаралған
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берілді.

Президентке елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғаны баяндалды.

Соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сонымен қатар тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен.

Ержан Сәденов қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған.

Мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Министрдің айтуынша, соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталды, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеді, 64 есірткі зертханасы жойылды. Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталды. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленді. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеді.

Ведомство басшысы кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.