Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі еліміздің арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ, Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.
– Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде, Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.
– Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын, – деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді, Қырғыз Президенті.
Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024