Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салатын консорциумды «Росатом» басқарады.
Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, консорциум жетекшісі әлемдегі жетекші реактор технологияларын жеткізуші компаниялармен келіссөздер мен өндірістік нысандарды аралау нәтижесінде ашық әрі бәсекелі диалог арқылы таңдалған.
Қысқаша тізімге «Росатом» (Ресей), «China National Nuclear Corporation» (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея) кірген.
Агенттік «ҚазАЭС» ЖШС және француздық Assystem компаниясымен бірлесіп, техникалық және коммерциялық ұсыныстарды сараптай келе, ең тиімді нұсқа ретінде ресейлік «Росатомның» ұсынысын таңдаған. Қытайлық компания екінші, француз және корей компаниялары үшінші орынға ие болған.
Қазір «Росатом» ұсынысы бойынша Ресейден мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі қарастырылуда. Агенттік халықаралық консорциум құру жұмыстарын жалғастырады.