Нұр-Сұлтан қаласында көп балалы аналар наразылыққа шықты. Олар елбесы Н. Назарбаевпен, ел президенті Қ. Тоқаевпен және премьер-министр А. Мәминмен кездесуді талап етіп, Ақорда алдына жиналды деп хабарлайды arasha.kz ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
Алайда құқық қорғау органдары қызметкерлері оларды Ақорда маңына жолатпай қойған. Сосын, наразы аналар үкімет пен парламент ғимараттары арасына ығысқан. Одан кейін наразы аналарды полиция өкілдері қоршауға алды. Тіпті ыстық күнде наразы топқа су ұсынғандарға да полиция рұқсат етпей қойды.
Наразылыққа шыққан көп балалы аналарға талап етілген тұлғалар емес, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Бақыт Сұлтанов, вице-премьер Гүлшара Әбдықалықова және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев кездесуге шықты. Олар аналардың уәждерін ғимаратқа бір-бірден кіріп, айтуларын сұрады, бірақ наразы топ бұл ұсынысқа қарсы болып, Назарбаев, Тоқаев және Мәминнің кездесуге шығуын талап етті.
Көп балалы аналардың талаптары қашан орындалады деген сұраққа билік өкілдері рет-ретімен шешіліп жатқанын айтты. Алайда аналардың өздері мәселе шешіліп жатпағанын алға тартты.
«Мен алты балалммен тұрамын. «Күміс алқам» бар. 20 шаршы метрде сегіз адам тұрамыз. Қыздарым да, ұлдарым да бар. Пәтер жалдайтын жағдайым жоқ. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Әрине балалармен жұмысқа алмайды,» – деді Гүлжанат Рүстемова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың алдында тұрғанда наразы аналардың бірі есінен танып қалды.
«Осы жерде өлгенімізді қалайсыңдар ма? Жақсы! Бәріміз осы жерде өлейік!» – деді наразы әйелдердің бірі Сапарбаевқа.
Әйелдер «Астана» деп ұрандап, үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, Қазақстанның бұрынғы әнұранын айтты.