«Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын». Шымкент қаласының 15 жастағы тұрғыны Қожахмет Болат осы екі қасиетті ұштастырған жан. Ол бала болса да режиссер, оператор мамандығының қыр-сырын әжептәуір меңгеріп алды. «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының мақсаты осындай өнерлі жастарды қолдау. Ал, жобаның грантын ұтып алған жасөспірімнің талабы таудай.
Қожахмет Болат 2005 жылы Шымкент қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі өнер саласында жұмыс істемесе де балаларын ән мен биге баулыды. Кейпкеріміз әуелі youtube желісінде «Mr.Koha» атты арнасымен танымал болды. Қазіргі уақытта 239 мың көрермені бар арна өз контентін балалаға және жасөспірімдерге бағыштап, кызықты оқиғаларға, челлендждерге және әртүрлі видеороликтерге толтыруда. Видеоны түсіру, монтаждау, оны дыбыстау машықтарын Қожахмет әуелі осы youtube желісінен үйреніпті. Кейін кысқа метражды киноға деген қызығушылық пайда болып, «Мейрам» киностудиясының курсына жазылды. Осыдан соң басты рөлде өзінің томпақ қарындасы ойнаған «Пампушка» атты қысқа метражды киносын түсірді. Оқушының бұл туындысын 600 мыңға жуық адам тамашалап үлгерген.
– Мен Қожахметтің апайымын, әрі сынып жетекшісімін. Ол өте дарынды бала. «Пампушка» атты қысқа метражды киносы 14-15 жасар бала үшін үлкен жетістік. Идеяның авторы, операторы және режиссері де өзі. Ешқандай кәсіби актерсіз іні-қарындастарын ойнатып қарапайым смартфонға түсірді. Конкурс туралы жарнама шыққаннан кейін мен құжаттарын жинап грантқа ұсындым. Қуанышымызға орай, жұмысымызды комиссия мүшелері лайықты деп таныды, – дейді Гүлнара Қайырбекқызы.
Қазір 10-шы сыныпта оқитын Қожахмет Болаттың алға қойған жоспары көп. Ол қазір Францияда өтетін әуесқой режиссерлардың конкурсына кино түсіріп жатыр екен. Қысқа метражы киноға француз тілінде титр жазылмақ.
-Менің арманым әлемге танымал режиссер атану. Егер мақсатың болса, сол бағытта тынбай еңбек етсең арманға қол жеткізуге болады. Болашақта кино факультетіне оқуға түссем дейтін арманым бар. Ұтып алған гранттың қаражатына қажетті техника сатып аламын, – дейді Қожахмет Болат.
Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі әлеуметтік жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының шеңберінде «Логос-Қарағанды» мүгедектерді оңалту орталығы жүзеге асырып жатыр.
#cisc2020 # qogamgov
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024