arasha.kz

«Парламент өз жұмысын дұрыс атқармаса қоғамда шешілмеген проблема көбейеді»

Биліктің бөліну теориясы демократиялық мемлекетерде 200 жылдан астам уақыт бұрын жұмыс істей бастады. Бұл теорияның мәні мемлекеттік биліктегі шексіздікті шектеп, бір-біріне тәуелсіз үш тармақтың жұмыс істеуінде. Заманында қазақ елінде заң шығарушы билік – билер институты, атқарушы билік – хан билігі, сот билігі – билердің сот жүйесі болды. Өте маңызды билік тармағы – заңшығарушы билік. Әр елде ол әртүрлі аталады, бірақ та мәні бір -халықтың игілігі үшін әділ заңдар қабылдау.
Қазақстан тәуелсіздік жариялаған тұста Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі жұмыс істеп тұрды. 1938 жылдан бастап сайлана бастаған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 13 шақырылымдағы құрамы жұмыс істеді. 1990 жылы сайланған 12 шақырылымдағы Жоғары Кеңестің құрамында 360 депутат болды. Сол кездегі демократиялық үрдістердің ықпалымен 360 депутаттың 90-ы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан сайланған. Олардың қатарында Коммунистік партия, Кәсіподақтар ұйымы, Жастар одағы, Заңгерлер одағы, Ғылымдар академиясынан өкілдері болды.
Бір палатадан тұратын сол кезеңдегі заңшығарушы органның құзереті кең болды. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауда ерекше орын алған бұл шақырылымдағы депутаттар тарихи маңызы зор шешімдер қабылдады. Мысалға, 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын бекітті, ал 25 қазанда «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдады. Бұл құрамдағы депутаттар ерекше маңызды құжат – 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң болды. 1993 жылғы 28 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі деп атала бастады. Дәл осы күні 28 қаңтарда ұзақ талқылаулардан кейін Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданды. 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғары Кеңес өзін-өзі таратып, 1994 жылы 7 наурызда жаңа парламент сайлауы жарияланды.
1994 жылғы сәуір айы мен 1995 жылдың наурыз айында жұмыс істеген 13 шақырылымдағы Жоғары Кеңес тұрақты түрде жұмыс істейтін алғашқы кәсіби парламент болды. Депутаттар саны 360-тан 177 дейін қысқарды. 135 депутат бір мандатты округтер бойынша сайланса, 42 депутатты президент тағайындады. Сайланған депуттардың 52 %-ы өзін өзі ұсынғандар болса, 48 %-ы қоғамдық партиялар мен саяси партия өкілдері болды. Жоғары Кеңесте келесі фракциялар жұмыс істеді:
– Қазақстан Халық Бірлігі Одағы – 32 адам;
– Қазақстан Халық Конгрессі партиясы – 22 адам;
– Социалистік партия – 12 адам;
– Кәсіподақтар федерациясы – 12 адам.
Сонымен бірге, әртүрлі кәсіби белгілер бойынша біріккен 14 депутаттық топ жұмыс істеген. Бұл шақырылымдағы Жоғары Кеңеске сайлау партиялық жүйенің дамуына себепші болды. Алайда бұл құрамдағы Жоғары Кеңестің тағдыры оның уақытынан бұрын таралуымен аяқталды. 1994 жылы күзде сайлауда өтпей қалған экс-кандидат Татьяна Квятковская Конституциялық Сотқа Орталық Сайлау комиссиясының сайлауда қолданған дауыстарды есептеу әдістемесін заңсыз деп тану туралы шағым жасады. Конституциялық Сот 1995 жылғы 6 наурыздағы шешімімен 1994 жылы сайланған Жоғары Кеңес құрамын заңсыз деп тану туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге 8 наурызда Президент өз наразылығын, ал 9 наурызда Жоғары Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев өз ресми наразылығын енгізді. 1995 жылы 10 наурызда Конситуциялық Сот бұл енгізілген наразылықтарды еңсерді. 11 наурызда Жоғары Кеңес Конситуциялық Сотты тарату туралы Конситуциялық Заң қабылдады. Сол күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Сотқа 6 мамырдағы шешімнің зардаптары туралы сауал жолдады. Бұл сауалда парламент депутаттары өкілеттіліктері заңсыз болып танылса, заңшығарушы сипаттағы шешімдерді кім қабылдауға тиіс деген мазмұнда болды. Өз сауалына оңтайлы жауап алған Президент сол күні Жоғары Кеңесті таратты. Әрине, парламент депутаттары наразылық танытты. 14 наурызда Олжас Сүлейменов бастаған 130 депутат халыққа және халықаралық ұйымдарға арналған үндей жариялап парламентті тарату туралы шешіммен келіспейтіндіктерін жариялады. Сол күні 72 депутат үш күндік аштық жариялады. Дегенмен, бұл шақырылымдағы Жоғары Кеңес өз жұмысын тоқтатты.
1995 жылғы 30 тамыздағы референдумнан кейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Конституцияға сәйкес «парламент» ұғымы енгізіліп, ол екі палата – сенат пен мәжілістен тұратын заңшығарушы өкілді органға айналды. 1995 жылы желтоқсан айында парламент сайлауында мәжілістегі 67 орынның 25-ін Қазақстан халық бірлігі партиясы, 12-і Қазақстан демократиялық партиясы, 7-ін Қазақстан шаруалар одағы, 5-ін Қазақстан кәсіподақтар одағы, 3-ін Қазақстан жастар одағы, 2-ін Қазақстан халықтық-кооперативтік партиясы және 1 орыннан Қазақстан дәуірлеу партиясы, Қазақстан халық конгресі, Социалистік партия және «Гармония» қоғамдық қозғалысы ие болды.
5 желтоқсанда өткен сайлауда сенатқа 19 облыс пен Алматыдан екі адамнан барлығы 40 депутат сайланды. 7 депутатты Президент тағайындады. Алғашқыда сенаттың өкілеттілігі 4 жыл болса, 1998 жылдан бастап, конституциялық өзгерістерге сәйкес 6 жылға ұзартылды. 1996 жылғы 30 қаңтар мен 1999 жылғы 29 қараша айында жұмыс істеген бірінші шақырылымдағы парламент 500-ге жуық заң қабылдады.
1999 жылы қазан айында Мәжіліс сайлауында 67 депутат мажоритарлық жүйе бойынша 10 депутат пропорционалдық жүйе бойынша партиялық тізіммен сайланды. Партияларға бөлінген 10 орынның 4-ін «Отан» партиясы, 2 орыннан Қазақстан коммунистік партиясы, Қазақстан аграрлық партиясы және Қазақстан азаматтық партиясы ие болды. Жалпы мәжілістегі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуы төмендегіше белгіленді:
– «Отан» партиясы – 23;
– Қазақстан азаматтық партиясы – 13;
– Қазақстан коммунистік партиясы – 3;
– Қазақстан аграрлық партиясы – 3;
– Қазақстан халықтық кооперативтік партиясы – 1;
– Қазақстан кәсіподақтар федерациясы – 11
Осы құрамдағы 23 адам өздерін тәуелсіз депутат ретінде жариялағандар. Сайланған 77 депутаттың 8-і – әйел адамдар болды. Депутаттар арасында бір академик, жеті доктор және әртүрлі мамандықтары бар жиырма ғылым кандидаты болды. Депутаттық корпустың басым көпшілігі инженерлер – 30, заңгерлер – 22, экономистер – 16, педагогикалық білімі барлар – 14, ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары – 8, журналист, дәрігер, тарихшы, менеджер, әскери қызметші, халықаралық қатынастар маманы.
Екі палаталы парламент заңдарды қабылдаудан басқа, үкімет мүшелерін тағайындауға келісім беріп және оған сенімсіздік білдіруге, республикалық бюджетті қабылдауға және оны орындау бойынша есеп қабылдауға құзіретті болды.
Үшінші сайланған Парламентінің Мәжілісін сайлау 2004 жылғы қыркүйекте болып өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысты, олардың ішінде 4-і – екі сайлау блогының құрамында. Сайлау блогтарының құрылуы осы кезеңдегі сайлаудың ерекшелігі болды.
10 депутат тең өкілдік жүйесі бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланды. Олардың ішінде 7 депутат «Отан» республикалық саяси партиясынан, бір-біреуден «Асар» республикалық партиясынан, «Ақ жол» демократиялық партиясынан және Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларының «АИСТ» сайлау блогынан (Еңбекшілердің аграрлық-индустриялық одағы) сайланған.
Сайланған парламентшілердің жалпы санынан 59 депутатты саяси партиялар ұсынды:
– «Отан» республикалық саяси партиясынан – 42,
– «АИСТ» сайлау блогынан – 11,
– «Асар» республикалық партиясынан – 4,
– «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 1, Қазақстан Демократиялық партиясынан – 1.
– Өзін өзі ұсынғандар – 18 депутат.
«Үшінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Президенті Жарлығының қабылдауына байланысты 2007 жылғы 20 маусымда үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі өз қызметін аяқтады.
Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау 2007 жылғы тамызда болып өтті.
Парламент Сенатында Президент тағайындайтын депутаттар санының 15 адамға дейін ұлғаюын көздейтін өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2007 жылғы 28 тамызда қосымша 8 сенаторды тағайындады.
Жаңартылған Конституцияға сәйкес Мәжіліс 107 парламентшіден тұрады. Олардың 98 депутаты біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы партиялық тізімдер бойынша сайланды. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.
Жеті саяси партия қатысқан 2007 жылғы 18 тамызда өткен сайлауда «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы ғана 7 пайыздық кедергіні еңсерді, оның қатарындағы депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Палатадағы 9 орын Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттарға берілді.
Мәжілістің құрамына өткен сайланымдағы депутаттық корпустың
39 депутаты, мемлекеттік басқару органдарынан – 24 адам, жергілікті мемлекеттік басқару органдарынан – 19 адам, бизнес құрылымдарынан –
8 адам, білім, ғылым және мәдениет саласынан – 8 адам және басқа салалардан 9 адам кірді. Бұл шақырылмағы мәжіліс бір партиялық құрамымен ерекшеленді. Әйелдердің саны екі еседен астам артты, олар – 17 депутат болды.
Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды. Мәжіліс сайлауына жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылар даусының 7%-дан астамын жинады мәжіліске: «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) өтті. Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-нан – 7 депутат жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан – 9 депутат. Мәжіліс құрамында барлығы 107 депутат бар. Жас шамасы бойынша ең көп топты 50 жастан 59 жасқа дейінгі депутаттар құрайды, олардың саны – 47, 60 жастан асқан депутаттар – 34 адам, одан кейін 40 жастан 49 жасқа дейінгі депутаттар – 22 адам және ең аз топ 30 бен 39 жас аралығындағылар – 4 депутат.
Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Орталық сайлау комиисиясы 21 наурызда жариялаған мәліметтерге сәйкес саяси партиялар келесі дауыстар жинады:
– «Нұр Отан» – 82,20 %;
– «Ақ жол» ҚДП – 7,18%;
– ҚХКП – 7,14%;
– «Ауыл» ХДПП – 2%;
– ЖСДП – 1,18%;
– «Бірлік» – 0,29 %.
Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Нұр Отан» партиясы (82,20%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18 %) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14 %). «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліске 84, «Ақ жол» партиясынан 7, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан 7 депутат қызмет етеді. 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.
Қазіргі мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 43 депутаты кірді. Жалпы депутаттық корпус 60 %- ға жаңарды. Мәжілістің жаңа құрамында: ер адамдар – 78 (73%), әйел адамдар – 29 (27%). Депутаттардың орташа жасы – 55 жас (2016 жылғы 31 наурыздағы күнге сәйкес). 40 жасқа дейін – 7 депутат, 40-тан 60-қа жасқа дейін – 77 депутат, 60 жастан асқандар – 23 депутат. Жас бойынша құрылымын талдаған кезде 40 жасқа дейінгі жастардың үлесінің өте аз екенін байқаймыз. Президент Қ.К.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сайлауға ұсынылатын партиялық тізімде жастар мен әйелдердің қатысыуының 30 %-дық міндетті квотасын енгізуді ұсынған болатын. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына 2020 жылдың 25 мамырында енгізілген өзгерістерге сәйкес, сайлауда ұсынылатын партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 % құрауға тиіс. Келесі жылы өтуге тиіс мәжіліс сайлауында партиялар ұсынатын тізімдерде беленді жастар мен әйелдердің көбірек болатыны белгілі болды. Партиялар сайлауға дайындықты бастап кетті. «Nur Otan» ішкі партиялық іріктеуді белсенді өткізді. Ішкі іріктеудің қорытындысы бойынша жетекші партиялық тізім 60% астамға жуығы жаңарады деп үміттенуге болады. Қатысқан үміткерлердің 36,7% – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп аталған саяси жүйенің формуласын ұсынып, бұл мемлекет тұрақтылығының негізі саналатынын атап айтқан болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы былай деген еді: «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс… Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс» деп өте маңызды мәселелер күн тәртібіне қойған болатын.
Қазақстен Республикасының Парламенті 30 жылда 2000-нан астам заңдар мен заңдық күші бар нормативтік актілер қабылданды. Қазіргі қоғамда негізгі қарым-қатынастарды түгелдерін заңмен реттеуге мүмкіндігіміз бар. Жалпы, құқықтық мемлекет құрудың маңызды құралы – парламент болып табылады. Парламент өз қызметін толық атқара алса, қоғамның даму жолына түсу мүмкіндігі бар. Ал, парламент өз жұмысын дұрыс атқара алмаса қоғамда шешілмеген проблема көбейеді, заңмен реттелмеген салалар басқа заңсыз әрекеттермен реттеледі. Бұл қауіпті құбылыс. Қазіргі қоғамда анық байқағанымыз, Парламенті әлсіз ел міндетті түрде саяси, әлеуметтік дағдарыстар алаңына айналып, кері кетеді. Сондықтан, саяси жүйенің ең маңызды сегменті ретінде Қазақстан үшін де Парламенттің рөлі мен қызметі аса маңызды. Заңмен реттелетін қоғамдық-саяси қатынастар дұрыс бағытта дамиды. Заңды жасаушы, оның орындалуын бақылаушы ретінде Парламенттің қоғамда алатын орны ерекше. Парламентте плюралистік ойлар бәсекелестігі орын алып, керек болса үстем позиция мен оппозициялық көзқарастар балансы елдің дамуына өз септігін тигізуге сеп болуы тиіс. Саяси ойлар мен әрекеттер бәсекелестігі көшеде емес, парламент қабырғасында орната алуымыз өркениеттілігіміздің басты өлшемі.

Саясаттанушы, Елдос Жұмағұлов

 

Exit mobile version