Парламентке «Nur Otan», «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы» өтті. Себебі Қазақстан заңы бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар ғана өтеді.
«Nur Otan» партиясы –71,09 %;
«Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95 %;
Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер) –9,10 %;
«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 5,29 %;
«Адал» саяси партиясы – 3,57 %.
Билік сайлау кезінде өрескел заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда өткен саяси науқанда «шынайы бәсеке болмады» деп бағалады.
Ал елдегі саяси партиялар нақты қорытынды шықпай жатып-ақ, айқын басымдықпен жеңіске жеткен «Nur Otan» партиясын кеше құттықтап тастады. Партия төрағалары Хабар 24 -ке арнасы арқылы пікір білдірген.
«Біздің партияларымыз, сайлаушыларымыз өздері үшін өте жақсы, терең тәжірибе жинады. Бұл тәжірибе ары қарай да еліміздің дамуына, демократияландыруына өте пайдалы, өзекті болады деп сенеміз. «Ақ жол» партиясына дауыс бергендерге алғыс білдіргіміз келеді. Біз партиямызға көрсеткен сенімді ақтауға тырысамыз. Ақтаймыз, ешбір күмән болмасын. Және де біздің әріптесіміз, басқа саяси партиялардың көсемдері, ең алдымен Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтағым келеді», – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Сайлау қорытындысы толық жарияланбай құттықтау жолдағандардың қатарында «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали да бар. Қатары жастардан тұратын ұйым басталған жұмысты әрі қарай жалғастыратынын жеткізді.
«Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия халыққа берген уәдесін қалай орындау керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл бүгін халыққа өте керек партия. Экзит-пол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр. Сондықтан өзім Nur Otan партиясын құттықтаймын», – деді Серік Сұлтанғали.
Экзит-пол нәтижесі бойынша сайлауда 9,10 пайыз дауыс жинаған Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыровтың да сайлау нәтижелеріне көңілі толады.
«Сайлауалды науқан кезінде депутаттыққа үміткерлер үшін тең жағдай қарастырылды. Ешқандай қиыншылық пен кедергі болған жоқ. Экзит-пол нәтижесі біздің мүмкіндігіміздің мол екенін көрсетеді. Сайлауалды жұмыстарға қатысқан әріптестеріме және сайлаушыларға ризашылығымды білдіремін», – деді Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров.
Сайлаушылардың 5,29 пайыз дауысын иеленген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев те сайлаушыларға алғыс айтты.
«Ауыл» партиясын қолдаған, ауыл партиясына тілеулес болған барлық сайлаушыға өзіміздің ризашылығымызды білдіріп, басымызды игіміз келеді. Бізді қолдаған азаматтардың бәріне, аудандық, облыстық, өңірлік және республикалық штабында жұмыс істеген әріптестерімізге мың алғыс айтқымыз келеді. Шынында көп жұмыс атқарылды. Сайлау біз үшін өте үлкен сабақ болды. Өте үлкен тәжірибе болды. Сайлау біздің еліміздің өркендеуі жолында жинақтаған тағы да бір жұмыс болды деп айтуымызға болады», – деді Әли Бектаев.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттары сайлауының соңғы қорытындысы аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының түпнұсқасы келіп түскеннен кейін жарияланады.