Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыпта мақаласы шықты. Президент өз мақаласында «Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық» деп жазған екен. Алайда «Тіл майданы» қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметов Президенттің мемлекеттік тілге қатысты ойларымен келіспейтінін айтады.
Мемлекет басшысы өз мақаласында Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңда нақты жазылғанын және қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындары, балабақшалардың саны еселеп көбейгенін атап өткен. Сондай-ақ президент мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артқанына назар аударған екен.
«Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.
Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.
Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деді президент.
Қуат Ахметовтың айтуынша, Мемлекет басшысының қазақ тіліне қатысты ұстанымында әлі де болса жалтақтық бар. Мәселен ол «Ана тілімізді кеңінен қолдану – орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес» деп, Кремльдің қас-қабағына қарайтынын көрсетіп алған. Сондай-ақ қоғам белсендісі күнделікті өмірде мемлекеттік тілдің мүддесі дұрыс қорғалмай жатқанын айтты.
«Мәселен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қазақ тіліндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап беріледі. Қазақ тілінде қойылған сұрақтарға облыс әкімдері мен министрлердің өзі жауап бергісі келмейді. Сондай-ақ мемлекет басшысының «Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты» деген сөзіне де күмәнім бар. Парламент заң қабылдағанымен ол нақты жұмыс істемей жатыр. Мәселен қазақ тілінде ақпарат бермегені үшін әкімшілік кодекестің 75 бабының 3-ші тармағына сәйкес жаза қарастырылған. Алайда іс жүзінде бұл талап орындалмай отыр. Бұдан бөлек президент қазақ тілін үйрену үшін ниет керек екенін айтты. Шын мәнісінде ниеттен бұрын тілді үйренуге деген заңдық мәжбүрлеу мәселесін қарастыру керек. Мәселен ниеті болса өзі неге қазақ тілін толыққанды үйреніп алмайды?», – деді белсенді.
Қуат Ахметов президенттің тілге қатысты көзқарасы қоғамды алдарқату үшін айтылған кезекті сөз екенін айтады. Сондықтан да ол көпшілікті мемлекет басшысының сөзіне сенбей, нақты әрекет етуге шақырды.
«Мысалы президент «Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес» деп айтты. Мұндай жалтақ ұстаныммен тіл мәселесін шешу мүмкін емес. Негізі ұлттық демократиялық партия құрылмай қазақ тілінің мәселесі шешілмейді. Мәселен мені еліміздегі екі бірдей партия өзіне мүше болуға шақырды. Мен «Бұған дейін айтып жүрген шындықтарды айтуға бола ма?» деп едім, «Жоқ, болмайды» деп жауап берді. Егер мен аталған партияға мүше болсам олардың айтқанынан шықпауым керек. Жалпы президент халықтың үніне құлақ асатын үкімет туралы айтқанымен, шын мәнісінде жұрттың пікірі ескеріліп жатқан жоқ. Нақтырақ айтсам, еліміздегі кино театрлардың 99 пайызы фильмдерді орыс тілінде қояды. Ал қоғам белсенділері «кинотеатрлар орыс тіліндегі фильмдерді міндетті түрде дубляждау керек» деп көптен бері айтып жүр. Неге Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне тікелей қатысты осы мәселені шешпейді? Ата заңнан 7-баптың 2-тармағын алып тастамай тұрып, президенттің қазақ тіліне қатысты барлық құқықтық тәсілдері қалыптасты деу бекер сөз», – дейді ол.
Қуат Ахметов алдағы уақытта Алматыда мемлекеттік тілге байланысты дөңгелек үстел өткізетіндерін айтады. Аталған жиында кинотеатрдан бастап, мемлекеттік мекеме, халыққа қызмет көрсететін нысандардың жұмысына назар аударатынын ескертті. Егер қандай да бір заң бұзушылық анықталса белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан арқылы сотқа жүгінетінін тілге тиек етті. Себебі Қуат Ахметов президент айтқандай мемлекеттік тілдің мәселесі әлі толық шешілген жоқ.
Аслан Аманбай, arasha
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024