Мемлекет басшысы Samruk Business Forum отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев форумның отандық бизнес өкілдері мен «Самұрық-Қазына» қоры үшін маңызды басқосу екенін айтты.
Атап айтқанда, жалпы сомасы 67 миллиард теңгеге тікелей офф-тейк немесе алдын-ала жасалған келісім-шарттар мен стратегиялық келісімдерге қол қойылған. Президент қордың жұмысына оң баға берді.
«15-тен астам бағыт бойынша өте жақсы және мазмұнды жоспарлар бар. Атап айтқанда, холдингтің сатып алуларын оңтайландыру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылған. Кәсіпорындарды, оның ішінде, тұралап қалған компанияларды қолдау бағдарламалары әзірленген», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның экономикалық салдарымен күрес кезінде мемлекеттік ірі корпорациялар мен бизнес өкілдері арасындағы серіктестікті қолдаудың маңызы арта түскенін атап өтті.
«Озық технология, өнімді нарыққа таратудың ұтымды саясаты және білікті мамандар – табысқа жетудің негізгі көзі. Оны іс жүзінде дәлелдеген компанияларымыз аз емес. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз әділ бәсекеге түсіп, ұзақмерзімді келісім-шарттарға қол жеткізе білді. Бұл – Қазақстанда өндірілген өнімнің сапасы жоғары деген сөз. Сондай-ақ бірқатар компания экспорт нарығын игеруде. Осы компаниялардың бірқатары өз тауарын экспортқа жөнелтіп жатыр. Бірақ ондай кәсіпорындардың саны көп емес екенін мойындауымыз керек. Сондықтан мемлекет пен мемлекеттік корпорациялар тарапынан ұдайы қолдау көрсетіле береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, отандық өндірісті дамытуда квазимемлекеттік секторға, әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорына өте маңызды міндет жүктеліп отыр. Мемлекет қор арқылы бизнестің кез келген түріне қолдау көрсете алады. Президент өз сөзінде бірлескен инновациялық әзірлемелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, қорға қарасты ірі кәсіпорындардың айналасында құн тізбегін құруға, инфрақұрылыммен көмектесуге, адам капиталын дамытуға, экспорттық нарықтарды игеруге басымдық берді.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алуларда жергілікті өніммен қамтамасыз ету мәселесін көтердім. Сатып алу конкурстарында импорттық өнімдерді отандық тауар ретінде көрсету әлі де кездеседі.
Бұны мойындау керек. Мұндай жағдайлар жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік сектордың осындай әрекетке көз жұмып қарайтын қызметкерлерінің кесірінен орын алып отыр. Бұл бизнестің басты қаупі, оның дамуына кедергі келтіреді. Біз қазірдің өзінде квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікті енгіздік. Үкімет те, қор да бұл мәселені қатаң бақылауы керек. Кәсіпкерлер мұндай мәселелердің тез әрі тиімді шешілуін күтеді, – деді Мемлекет басшысы.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024