03-12-24 |
540 рет қаралған
Қазақстанда 2,5 млн геологиялық ақпарат цифрлық форматқа ауыстырылды.
Қазақстанда 2,5 млн геологиялық ақпарат цифрлық форматқа ауыстырылды

Геологиялық саланы дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов геологиялық барлауға инвестициялар тарту, сондай-ақ саланың перспективалық бағыттарын талдауға ықпал ететін цифрлық технологияларды енгізу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі таңда 2,5 млн деректер цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жұмыс жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы күшейтіледі. Келесі жылдың соңына дейін тағы 1,5 млн деректерді цифрландыру жоспарлануда. Бүкіл процесті 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау күтіліп отыр. Бүгінгі таңда зерттелген жер қойнауының ауданы 2 млн м² дейін жеткізілді. Шет елдердің геологиялық қызметтерімен Шығыс Қазақстанда минералдық ресурстардың перспективалы кен орындарын бірлесіп іздестіру жүргізілуде. Көмірсутек шикізаты саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және күрделі кен орындарын геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасауға бағытталған Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі енгізілді. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірінің, Арал–Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатыр. Биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл Riotinto, Fortescue, Arras Minerals сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар металдардың жекелеген түрлерінің қорлары бойынша елдің жетекші позициясына қарамастан, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутектер қорларын кеңейту бойынша іздестіру жұмыстарының белсенділігі төмен екені атап өтілді.

«Қолда бар жұмыс тәсілдерін өзгерту керек. Минералдық-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалануға және жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, оны нақты іске асыру керек. Бүгінде пайдалы қазбалардың сапалық құрамы төмендеп барады. Бұл осы салаға көлемді қаражат тартуды және кен өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Яғни инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылдап, жеңілдіктерді қарастыру керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.