Келісімге сәйкес 85 пайыздан астам тауар үшін импорттық кеден баждарын жою қарастырылған. Еркін сауда аймағын құру қазақстандық өндірушілер үшін жаңа нарықтарды ашады, әсіресе, бұл ауыл шаруашылығы, металлургия және химия өнеркәсібіне қатысты.
Осы келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстаннан Иранға экспортталатын бидайға (3 млн тоннаға дейін) және арпаға (1,5 млн тонна) баж салығы мүлдем салынбайтын болады. Ираннан сапалы өнімдердің импорты, кеден баждарын алып тастаумен қатар, қазақстандықтардың шығынын айтарлықтай төмендетеді.
Иран ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауар номенклатурасының шамамен 88 пайызына, оның ішінде жүгері, қарақұмық, ірі қара мал еті, шоколад, күнбағыс майы, болат, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасына баж салығын алып тастайды. Баж салығы алынып тасталса, Иран нарығында қазақстандық тауарлардың бағасы айтарлықтай төмендейді, бұл біздің өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Ішкі нарықты қорғау мақсатымен ерекше сезімтал тауарлар үшін еркін сауда режимінен босатулар шамамен 13 пайызды құрайды (ірі қара мал мен құс еті, сүт өнімдері, қант, спирт, темекі, балалар тағамы, бал, полимерлер және басқа да мұнай-химия өнімдері, гербицидтер, қапшықтар, теміржол вагондары, тракторлар, жеңіл және жүк көліктері). Бұл өнімдерге импорттық кедендік баж салығы салынады.