27-04-21 |
2990 рет қаралған
Қордай ісі: 20 жылға сотталған 60 жастағы азаматқа қандай айып тағылды?.
Қордай ісі: 20 жылға сотталған 60 жастағы азаматқа қандай айып тағылды?

Бүгін қазақ-дүнген дүрбелеңіне қатысты Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім шықты. Айыпталушылардың алды 20 жылға бас бостандығынан айрылса, 18 азамат шартты жазамен бостандыққа шықты. Ең ұзақ мерізімге сотталған Жұмахан Ботабасовқа қандай айып тағылды және оның туған-туыстары үкім туралы не дейді?

Адвокаттардың айтуынша, айыпталушыларға судья Айдарбек Замбаев әділетсіз шешім шығарған. Сондықтан да олар апелляциялық шағым түсіретінін ескертті. Мәселен Нұрбек Қожабергенов өз қорғауындағы Жұмахан Ботабасовтың әділетсіз сотталғанын айтты.

«Қылмыстық іске төрағалық еткен «әділетті сотымыз» Жұмахан Ботабасовты 20 жылға әділетсіз бас бостандығынан айырды. Бұл жазамен толығымен келіспейміз. Себебі Жұмабек Ботабасов деген Масаншы ауылына 3 шақырым жердегі Күнбатыс-2 деген ауылда тұратын жасы 60-тан асқан азамат. Менің қорғауымдағы азамат ақыл-есі бойынша сырқаттанатын баласын іздеуге шыққан. Шын мәнісінде айыпты болып отырған азамат жаппай тәртіпсіздік болған жерге жетпеген. Міне осындай адамға үш азаматты өлтіріп, 4 адамға ауыр дене жарақатын салды деген айып тағу ақылға сыя ма? Әйтсе де соттың үкіміне сәйкес, 3 адамды өлтіріп, екі адамға ауыр дене жарақатын салды деген желеумен 20 жылға сотталып отыр. Сот отырысы барысында Ботабасовтың нақты қай кісіге қару атып, кімге дене жарақатын салғаны анықталмады. Сол себепті судьяның айыбы заңсыз. 60 жастағы азамат үлкен жүк көлігінің шанағына секіріп мініп, Масаншы ауылының ортасында тұрып дүнген ұлтының өкілдеріне қалай оқ атады? Сондай-ақ дөңгелектің артында тұрып және қайтадан жүк көлігінің үстіне шығып оқ атқан деген айып тағылды. Жасы егде тартқан адамның жүк көлігіне мініп түсіп жүріп бірнеше адамға оқ атуы мүмкін бе?», – дейді ол.

Алайда тергеу іс құжаттарына сәйкес, сотта Жұмахан Ботабасовқа анықталмаған атыс қарумен оқ атты деген айып тағылған. Дене жарақатын алып қайтыс болған азаматтарға тиген оқ дәрілерге сәйкес, бытыралардың көлемі 0,3 мм-ден 1,5 сантимерге дейін әртүрлі. Яғни, 5 мм-ге дейін дроб болса, одан жоғары катоз болып анықталды.
«Бір қарумен барлық бытыра атылуы мүмкін емес. Сондай-ақ бір тұлға 150 метр жерден, екінші адам 20 метр жерден жарақат алған. Осы арада басқа азаматтарға неге оқ тимеген?

Жұмахан Ботабасов деген азамат бүйрегі ауратын әрі жүгіре алмайтын қария. Міне осындай азаматты 20 жылға бас бостандығынан айыру – заңды түсінбейтін қарапайым адамға да түсінікті деп ойлаймын.

Негізі айыпталушы 7 ақпан күні өзінің ауылдас құрдасының туған күнінде отырған. Сол күні сағат 20:00-ден аса келіншегі келіп, «Баламыз жоқ. Соған қарағанда көрші ауылдағы қақтығысқа кеткен болу керек» деп айтады. Ал айыпқа сәйкес ол Масаншы ауылына жүк көлігімен барған делінген. Бірақ жүк көлігінде болған адамдардан жауап алған кезде олар Жұмахан Ботасбасов деген адамды көрмегенін айтқан болатын. Бір сөзбен айтқанда бұл азаматты «Дүнгендерге қарсы оқ атты немесе таяқ ұстап жүрді» деп бірде-бір адам айыптамаған. Өкінішке қарай тікелей айғақ болмаса да менің қорғауымдағы азаматтты 20 жылға бас бостандығына айырып отыр», – дейді адвокат.

Сот үкіміне Жұмахан Ботасбасовтың туған қарындасы Ерхан Ботабасова келіспейтінін айтады. Сондай-ақ ол дүнгендердің өзі «Жұмаханды бала кезінен білеміз» деп арнайы ақтап хат жазып бергенін ескертті.

«Тергеушілер Алмас Әубәкіров деген балаға «Сендер Ботабасовты адам атты деп айтсаңдар, жазаларың жеңілдейді» деп айтыпты. Сот жүріп жатқанда Алмас «Мені ұрып-соғып, қинаған соң амалсыздан ағаны айыпты» деп айттым. Бірақ Ботабасовтың адам атқанын көрген жоқпын» деген екен. Сотта осы сөзді айтқаны үшін Алмасты бүгін 5 жылға түрмеге қамап тастады. Егер менің ағам бұзақы баскесер болатын болса, 60 асқан адам қалайша жүк көлігінің үстіне секіріп мініп адам атады? Ол үшін керемет киллер болу керек шығар. Ол ауылда тұратын қарапайым адам. Арнайы тізімде тұратын ауру әйелі мен баласы бар. Ағам 20 жылға сотталып кетсе, кәмілеттік жасқа толмаған қызын енді кім асырайды? Жиырма жыл түрмеге түсіп отырған адам 80 жаста бостандыққа шығады екен. Ауыл тұрғындары, тіпті Жұмаханмен бірге жұмыс істеген дүнген ұлтының өкілдері оны ақтап хат жазды. Туғаннан бүйрегі ауыратын адамның жағдайын ескермей сот менің бауырыма ең ауыр жазаны берді. Қой сойып, тауық бауыздауға дәті бармайтын адамды қалайша үш адамды өлтірді деп айыптауға болады? Мектепке балалармен жұмыс істеген әрі мешітке барып намазын оқып жүрген адамды бір түнде дүнгендерді қырып тастады дегенге кім сенеді», – дейді ол.

Қордай ісінде көптің көңілін күпті еткен осындай сұрақтар көп. Міне осы сұрақтардың түйінін тергеушілер шешуге талпынбай, іске селсоқ қараған тәрізді. Осының салдарынан ондаған адам түрмеге түсіп, тағдырын тас-талқан етіп отыр.

Серік Жолдасбай, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.