23-02-21 |
1890 рет қаралған
АШАРШЫЛЫҚҚА РЫСҚҰЛОВ АЙЫПТЫ МА?.
АШАРШЫЛЫҚҚА РЫСҚҰЛОВ АЙЫПТЫ МА?

ҚР Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Аштықты саясиландыруға болмайды» деген сөзі қызу талқыланып, көпшілік қауым өз наразылығын білдіргені белгілі. Алайда филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек Сенат Төрағасын қолдайтынын, себебі аштыққа тек орыстар емес, өзіміздің Тұрар Рысқұлов сынды азаматар да айыпты екенін айтады. Шынында Тұрар Рысқұлов қазақ халқы қынадай қырылған 1932 жылғы аштыққа айыпты ма?

Биыл 1921 жылғы ашттыққа 100 жыл. Осы және 1932 жылғы зұлматта 4 миллионға жуық қазақ аштықтан қырылған болатын. Ғалымдар «Қос аштық болмағанда қазақтың саны бүгінде 60 миллионнан асар еді» деген уәжді алға тартады. Бұл әрине өз алдына бөлек әңгіме.

Биыл ашаршылыққа 100 жыл болғандықтан қазақ халқының басынан өткен ауыр сәттер туралы жиі жазылатыны белгілі. Міне осы жазылатын дүниелердің ішінде жауды сырттан іздемей, өзіміздің шолақбелсенділерге де назар аударылуы керек. Бұл ретте Құлбек Еркөбектің Тұрар Рысқұловқа қатысты айтқан дерегі терең зерттелуді қажет етеді.

«ВКП(б) коллективтендіруге алдымен РСФСР өтсін. Етжеңді локомотив республика. Соның тәжірибесін бағып, Қазақстан соңына қарай, тәжірибе жинақтап барып өтсін-деген Қаулыда! Дұрыс-ақ еді.
Бірақ, біздің бақайшағына дейін коммунистік рухпен уланған, тұла бойы интернационалистік психологияға мелдектеген ұлы қайраткеріміз Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге, Бүкілодақтық коллективтендіру комиссиясының төрағасы Яковлев атына қоймай, сұраныс хат жазған ғой. Не деп?

Қазақстан коллективтендіруге Ресеймен бірге, бірқатар өтпесе, интернационализмге нұқсан келеді деп. Россия қайда? Қазақстан қайда?

Онымен де тоқтамай қазақтарды коллективтендірудің шарттарын да комиссия төрағасы алдына тартқан ғой, жетелілік танытып. Ол қандай шарт?

1. Қазақстан коллективтендіруге Ресеймен бірге өтсін.
2. Колхозға байлар алынбасын. Конфискалансын олар. Малы тәркіленіп, өздері айдалсын!
3. Колхозға орта шаруа кірмесін. Кедей, шаруаны бұзады. Олар да конфискалансын! Малы алынсын колхозға!
4. Колхозға тек кедей, шаруа кірсін.
Олардың қолында 5-6 жантық (майда мал) қалмасын, колхозға алынсын. Өйткені, колхозшы қолында қалатын 5-6 жантық колхозшы бойында жекеменшік психология туғызады.
5. Кедей, шаруаға колхозға кіру хұқы берілсін, колхоздан шығу хұқы берілмесін!
Әйтпесе, бірі кіріп, бірі шығып, колхоздың шаруасы шайқалады. Дұрыс коллективтік ұйым қалыптаспайды. Қазақ жағдайын жақсы білетін, қазаққа жаны ашитын қайраткеріміздің Коллективтендіру жөнінлегі бүкілодақтық комиссия төрағасы Яковлев атына жазған талап хаты осылай келеді.
«Шарасыз» Яковлев қазақ жайын, Қазақстан жайын жақсы білетін, ұлттың өз ішінен шыққан беделді қайраткер азаматтың талап хатын И.В.Сталинге апарып, өзара ақылдасады. Ақыры, Т.Рысқұловтың беделіне сеніп, талабын орындайды», – дейді ғалым.

Құлбек Ергөбектің айтуынша, Қазақстан халықтар достығына нұқсан келмеуі үшін коллективтендіруге Ресеймен бірге еш дайындықсыз кірген. Осының салдарынан қазақтың 50 пайызы қырылып қалды.
«Еңбекші қазақ» газеті «Жасасын колхоз!» – деп рапорттап жатты.

Қазақстан басшылары ісіп-кеуіп өліп жатқан қазақтардың мәйітінің үстіне шығып тұрып рапорттады! Бір колхозды 1 май мерекесіне ту ұстап бастап келер, еркек кіндік табылмай, бір кемпір бастап шеру жасап өтіпті. Сауатсыз Төраға Елтай Ерназаров «Жасасын кемпір колхоз! Ура!» – деп мінберде тұрып, ұрандатыпты.
Әзиза Түбекқызының айтуына қарағанда «Мұндай боларын білмей қалдым ғой…» – деп Тұрар Рысқұлов бас бармағын шайнап жіберіпті. Қайтсін, енді?! Тұрардың жары Әзиза апамызбен әңгімелескенмін», – дейді Құлбек Ергөбек.
Әдебиеттанушы бұл хатты Рысқұловқа Сталин немесе Яковлевтің өзі жаздыруы мүмкін екені айтады. Мысалы ол қазір белгілі бір іс-шараны атқаратын болса, сол мәселені белгілі тұлғаның аузымен айтқызып атқаратынын еске алды.
«Тұрар Рысқұловтың хаты тап осылай жазылуы мүмкін. Не болмаса Тұрар Рысқұловтың өз ұстанымы болуы да ғажап емес. Егер де ол Яковлевке арнайы хат жазбаса, Қазақ елі ұжымдастыруға 2-3 жылдан кейін өтерме еді. Екі-үш жыл кейін өтсек Украинаның голодоморы алдыға түсіп, «Украинада аштық болды ғой» деп елдегі ұжымдастыруды кейінге қалдырып қоярма еді. Өйткені ұжымдастыруға кейін өткен Өзбекстан, Қырғызстанда аштық болған жоқ.

Жалпы Тұрар Рысқұловтың Яковлев атына жазған хаты күні бүгінге дейін тарих ғылымында айтылмай келе жатқан мәселе. Мен бұл арқылы Тұрар Рысқұловты кінәлап, ашаршылықтың бар айыбын оған жабу керек деп есептемеймін. Тұрар Рысқұлов осы хатты Мәскеуде Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып тұрғанда жазды. Шын мәнісінде 1930 жылдары қазақты ұжымдастыруға үндеген жалғыз Тұрар Рысқұлов емес еді», – дейді ол.

Ашаршылықты зерттегенде кез келген мәселеге назар аударуымыз керек. Егер Тұрар Рысқұловтың «Ұжымдастыруға Ресеймен бірге өтуіміз керек» деп Яковлевке хат жазғаны анық болса, онда оның салдары туралы ашық айту қажет. Өйткені осы ұжымдастырудың салдарынан қазақ малынан айырылып, соның салдарынан қынадай қырылды. Ал енді руласым немесе жақыным екен деп бұл мәселе көзжұма қарауға болмайды.

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.