ҚР СІМ Орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарт бойынша жағдай жөнінде мәлімдеме жасады.
Ведомство мәлімдемесін Телеграм каналында жариялады.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Америка Құрама Штаттарының Орта және кіші қашықтықтағы ракеталарды жою туралы шартқа (бұдан әрі – ОКҚРШ) қатысуын тоқтату туралы шешімі мен Ресей Федерациясының ұқсас шешіміне байланысты өз алаңдаушылығын білдіреді», – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы ОКҚРШ мүшесі ретінде Шарттың сақталуы мен барлық тараптармен мүлтіксіз орындалуын қолдайды, сондай-ақ тараптардың бірлескен күш-жігерлерімен ядролық қаруды таратуға қабілетті бар зымырандардың бүтін бір класын жоюға және Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) VI бабына сәйкес ядролық қарусыздануда елеулі прогреске қол жеткізуге мүмкіндік берген Шарттың бірегей тарихи келісім ретінде бұлжымас құндылығын растайды.
Халықаралық қауіпсіздікті сақтаудың маңызды факторларының бірі ретінде ОКҚРШ-ты денонсациялау әлемнің әр түрлі өңірлерінде жаңа «жанталаса қарулануға» әкеле алады және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіреді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2045 жылға орай ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге арналған, жаһандық антиядролық бастамаларының өзектілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы өзара сенімділік шарттары рухында барлық тараптармен Шарттың мүлтіксіз орындалуын қолдайды.
ОКҚРШ-ты сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Шарттың шеңберіндегі Арнайы бақылау комиссияның қолданыстағы форматын қоса алғанда, барлық екіжақты және көпжақты тетіктер шеңберінде сындарлы келіссөздер арқылы мәселелерді шешу үшін АҚШ пен РФ-ты барлық қажетті күш-жігерді салуға шақырады.
Дереккөз: baq.kz