«Оскар» таратылды. Биыл «Үздік фильм» номинациясына 9 фильм түскен еді: қаралар туралы, демократия туралы, көгілдірлер жайлы, феминистік – әдеттегі букетте ара-тұра қосылатын екі бірдей про-бритиш фильм бар.
“Прочь” (Get out). Дебютанттан (Джордан Пил) күтпеген, жаңашыл, өзіне дейінгі фильмдерге ұқсамайтын, сойы бөлек дүние. Камера жұмысы, көзқарас шоттары, композиция мінсіз, айтар ойы да таптаурын емес. Кинода “остраннение” деген құрал бар, режиссер соны қолданады: таныс дүниелерді кейіпкері Кристің көзімен бейтаныс, “бір түрлі” кейіпте ұсынады. Бәрі тамаша, бәріміз теңбіз дегенмен, әрбір сәтті Крис “қара нәсілді” ретінде, басқаша қабылдайды, бәріне құлағы түрік. Айырмашылық генетикасының, жаратылысының басқалығында емес, айырмашылық қара нәсілділердің тарихта қатталған тәжірибесінің сана түкпірлеріндегі көрінісінде. Үрейфильм жанрының үйреншікті кейіпкерлерін пайдаланып отырып, мүлде жаңашыл бағытқа бұрып жібереді.Қазіргі ақ нәсілділерге құл керек емес, өздерінің тарихы мен ақылынан, санасынан айырылған негр керек. “Байқаңдар” дейді режиссер. “Өркениетті елдерді ойнап жүргенімізбен, арғы жағымызда не жатыр?”. Тирион Ланистердің “Кім екеніңді ұмытпа, өйткені басқалар ылғи есінде сақтайды” деген сөзі “Прочь” фильмінің “ақ еместерге” месседжі. «Біз расист емеспіз» дейтін ақ нәсілді орта таптың өкіліне: «Атаңның басы» деген месседжі де маңызды көрінді. Америкада болсам, бұдан да маңыздырақ көрінер еді.
Тағы бір дебют, «Ледиберд» (Ladybird). Грета Гервигтің режиссер ретіндегі дебюті Америкада бойжету жайында. Америкада дейміз, өсіп келе жатқан адамның өзіне деген сенімсіздігі, өзіне ұнамай тұрса да өзгелерге ұнауға тырысуы, комплекстері мен қиялшылдығы – географияға бөлінбейді ғой. Бұл қыз өз қиялында өмір сүріп, кейін бәрінің жалған екенін түсінген, бірақ сонымен қалай өмір сүру керектігін білмеген адасқан шүрегей сияқты. Қоңырша үйіне, провинициалды қалашығына, жалпы өзіне көңілі толмайтын, басқа біреу болғысы келетін қыздың есейіп, ақырында өзін тапқаны жайлы. Сонысымен қызықты. Кейбір жанрға тән жаттанды жүрістері болғанымен, Кристиннің (Ледибердтің өзіне өзі берген аты) өмірі жігіттер мен “нағыз дос пен жалған досты ажыратуға” ғана тіреліп тұрған жоқ, ең маңыздысы ана мен қыздың қарым-қатынасы. Анасымен келісімге келу –қыздардың өзімен келісімге келу, өзін табу екенін кез келген психолог айтып береді. Әрі фильмде батыс елдерінде көп айтылмайтын бай мен кедей қатынасына, гомофобияға, есеюге деген сезімталдық бар. Режиссер «Қыздардың 400 blow мен Boyhood-ын түсіргім келді» депті. Трюффоны қайталау мүмкін ғой, бірақ Boyhood-пен иықтаса алады. Сирша Ронан жиырма үш жасында үшінші рет “Оскарға” номинация алып отыр. Мүсіншені биыл осы қызға берсе де артық етпес еді.
«Зови меня своим именем» (Call me by your name). “Көгілдір” дүниелердің көбі секілді кері теппейді, өйткені ниет “көгілдір” фильммен сыншылардың назарын аудару емес, ниет сезімдерді экран тілінде сөйлету болған сықылды. Өсіп келе жатқан интеллектуал (Тимоти Шаламе) мен есейіп қойған интеллектуалдың (Арми Хаммер) тартылысы (біздің жұрт табиғатқа қарсы деп қабылдаса да) сезімталдықпен және мәдениетті кейіптелген. Фильмнің атмосферасы тартымды, түсірілуі әдемі, есте сақтауға лайық сезім тарихын кейіптейді. Және алғашқы маxаббат – ылғи жанды жаралап кететінін Тимотидің отқа қарап жылайтын жалғыз көрінісінен түйсінесіз.
Тағы бір феминистік дүние «Секретное Досье» (The Post). Газет ісі туралы болып көрінгенмен, бұл негізі әйелдер жайлы фильм. «Әлемді әйелдер басқарса соғыс болмас еді; еркектер жарқырап ел алдына шыққанмен, бар жұмысты әйелдер бітіреді; әйелдер кейде еркекке қарағанда «еркек» деген месседж жатыр. Және не деген ынтымақ, әйелдер бірін-бірі қолдай жөнеледі. Әйтпесе, “Пентагон қағаздарынбасамыз ба, баспаймыз ба?!» деген төңіректе саспенс жасағылары келгені күлкілі. Come on, бәрі біледі ғой басқандарыңды. Стивен Спилберг «ойнап отырып» түсіргендей: бәрі іш пысардай үйреншікті, ал Том Хэнкс жасандылау көрінді. Күн әлі орнында болса, Мерил Стрип номинация алмауы мүмкін емес еді.
Номинацияға ілінбеуі мүмкін емес тағы бір актер – сэр Дэниел Дэй Льюис еді. Голливудтың ең қызық режиссерлерінің бірі Пол Томас Андерсон өзі жазып, өзі режиссер және оператор ретінде түсірген «Призрачная нить» (Phantom Thread) талғаммен түзілген, ішкі ырғағы бар фильм, саңырауқұлақ саxнасы дәмді шыққан. Жатбауырлық, бұзылған отбасы мен оның адам тағдырына әсері сияқты Андерсонның үйреншікті тақырыптарын көтереді. Және сезімнің табиғатын зерттейді: “махаббат деген науқастың бір түрі”. Бірақ “Оскар” алатын фильмдер әдетте саяси, азаматтық месседжі анық, көпшіліктің көңіл күйімен ыңғайлас болады, Андерсон жұмысы тым аутентті. Сондықтан оның мүмкіндігі аздау еді. Бұл оның сегізінші номинациясы, мүсіншені алатын уақыты да жақындады-ау. Скорсезенің, Дель Тороның, Ди Каприоның, т.б. көптеген мысалдар көрсеткендей, академия кейде үздік фильм емес, барлық фильмдері үшін наградтайды ғой. Дэй Льюистің әр жест, қасын қаққанының өзі соншалық псиxологиялық терең, қабағы ашылмайтын ағылшын тігіншісін болған адамдай кейіптеді. Гэри Олдмен болмағанда, тарихтағы үздік ер адам ролі үшін төрт “Оскар” алған жалғыз актер болар еді. “Бұл менің соңғы жұмысым” деген сөзіне көпшілік аса сенбейтін сияқты, кім біледі, әлі де алып қалар…
Ағылшындар кінәратшыл дейтін келесі бір фильм «Темные времена» (Darkest Hour). Ашылу сахнасының өзі Черчильдің маңызын асырып, оны барынша ерекше етіп сипаттауға тырысады. Черчильді аздап күлкілі етіп көрсеткенімен (геройды мінсіз етіп көрсету керек деп санайтындар социалистік және пост-кеңестік елдерде ғана), оны мазақтап күле алмайсың, жақтасып отырып жымиясың. Әсіресе Гэри Олдменнің ойынынан кейін. Мейкаптың астында жылтырайтын Олдменнің көздері екенін ұмытып кеткендейсің. Черчильдің өзі сияқты. Ал жүрісі – құдды Вестминистр алаңындағы мүсіні тіріліп кеткендей. Оның әріптестері де (әсіресе король мен кемпірі) осал емес. Тарихи тұлға болғандықтан, оқиғаның өзі емес, соның артқы жағындағы кейіпкердің сезімдері маңызды ғой. Сол тұрғыда бұл Черчильдің қармаққа түскендей тыпыршыған сәттерін нанымды көрсеткен.
Черчильдің өзін көрсетпегенімен, аты аталатын тағы бір фильм «Дюнкерк» (Dunkirk). Британияда «2-Дүниежүзілік соғыс» десең бірінші «Черчиль», сосын «Дюнкерк» дейді: британ патриоттық сезімі үшін соншалықты маңызды дүние. Черчильді тірілткен Джо Райт, «Король Артурды» экшн қылып түсірген Гай Ричидің ізімен Крис Нолан да туған елі Ұлыбританияны Голливуд деңгейінде дәріптеуге көшіпті. Және ол «Дюнкерктей» белгілі оқиғаның өзін сюжетті құрастыруы мен монтажы арқылы (өзіне үйреншікті, өзгелерге) шатастырылған уақыт концепциясына иіп әкелген. Үш тараптың оқиғасы қатар өрбігендей көрінгенімен, фильм аяқталған соң барып, олай емес екендігін түсінесіз. Әдетте Крис Нолан фильмдері көрермен тарапынан эмоционалдық, идеялық инвестмент болмаса да, “қалай болып кетті өзі?” деген сұрағын талап етеді. Ол сөзсіз қазіргі Голливудтағы қолтаңбасы ерекше режиссердің бірі, бірақ биыл оны “Оскар” алады деп ең адал фанаттары да күтпеген сыңайлы. Қанша оригинальный болса да, Америкаға ұнайтын идеялар төңірегінде түсірмейінше, жүлденің ауылы алыс-ау.
Нағыз америкалық оқиға «3 биллборд» Three Billboards Outside Ebbing, Missouri қой. Біріншіден, Френсис Мак Дормандтай өзегі мықты актрисаның ашулы әйелді кейіптеуі, қазіргі феминистік ояу Голливудтың тамырын дөп басты. Қара нәсілді бастықтың келуі Обаманы аңсау, өлетін полицайдың «Сен бір түрлісің, бірақ жек көрушілікпен ұзаққа бармайсың» деген өсиеті Дональд Трампқа айтылған деп түсінілді. Және осы Трамп тектес ақымақтау кейіпкердің “ел қатарына қосылу” үшін ашулы әйелмен бірігуі дистопистік арман секілді. Өйткені қылмысына көз жеткізбей жатып, өз бетімен кісіні жазалауға (онсыз да Әмірикаларында автоматпен көшеге шығып кетіп жатқандар аз емес еді ғой) аттану моральдық ақталған шешімге аса ұқсамайды. Сол сияқты, стереотиптік бейнелер (бұрынғы күйеу, оның топастау сұлу қуыршағы, полицейлер), бас кейіпкердің өзіне деген ашуын өзгелерге жұмсауы және мұның дұрыс нәрседей қабылдануы да күмәнді. Фильмге оған ойша оралған сайын күмән ұлғая түседі. Шарт-шұрт эмоцияға құралған, әр бұрылысы есептелмеген шикілеу шығарма көрінді. Және мүсінді алмағанына қуандым. Сэм Роквел қосалқы ролі үшін алған мүсініне лайық, МакДоpманд та солай. Оның анти гламур бейнесі, “Оскар” алып тұрып сөйлеген сөзінде, күйеуі Джоэл Коэнге алғыс айтып барып, экрандағы және экран сыртындағы әйел мен ерлер, ақ нәсілділер мен басқалар арасындағы теңдігін талап етуге шақыруы (“inclusion riders) қазірдің өзінде басқа әріптестерін “оятып” жатыр. Мұның бәрі актрисаның әртіс емес, тұлға екенін көрсетеді.
Трампқа байланысты оқылатын және сөзсіз жеңімпаз танылған фильм «Форма воды» (Shape of Water). Оқиға “Сұлу мен құбыжықтай” тым қарапайым. Тек жаңа заманның ракурсынан айтылғанда, құбыжықты абзал принцке айналдырмай, сол күйінде қалдыру және қабылдауға болады екен. Дель Тороның жабайы қиялы, құбыжықтары ғой көрерменді қызықтыратын. Алайда визуалдық тұрғыда бұл фильмнің жарығы “Амели” фильмін еске салады, балық адамы “Хеллбойдағы” Эйб Сапиеннің сәл дамытылған көшірмесі, Дель Тороның бұрынғы дүниелеріне жетпейді. Кейіпкерлер жүйесі де құрғақ: академиктердің көңілінен шығу үшін бір гей кейіпкер, бір қара нәсілді кейіпкер, құбыжық пен әйелді (оның үстіне мылқау) жүйеге қарсы шығарыпты. Және идеясы да ұғынықты: ешқайсысын кемсіту болмасын. Трамптың дәуірінде Мексикадан шыққан режиссердің “Оскар” алуы маңызды екенін саясатқа араласқысы келмейтіндер де мойындайды. Және ГДТ-ның Куарон мен Иньяритудің қатарында мойындалатын уақыты жетті. Тек өкініштісі, есеппен түсірілген фильм мен “жанын жеп” түсірілген дүниенің арасындағы айырмашылық бақытты отбасы мен бай да болса бақытсыз отбасындағы бала секілді. Есеппен және бюджетпен түсірген дүниеде бәрі бар, бірақ бірдеңе жетіспейді.
Жалпы, бұл тізімдегі еш фильм өзгелерден қара үзіп, “мен үздікпін” деп тұрған жоқ. Тек есебі аздау дүниеге берілгенін қалар едім. Ал Лантимостың The Killing of Sacred Deer-ін, Аронофскидің Mother-ін, Бейкердің Florida Project-ін елеусіз қалдырғандары обал болды. “Оскардың” айналасында әңгіме көп, бірақ жылдан-жылға жүлденің сол әңгімеге татымайтынын көріп отырмыз.
Ал «Үздік шетел фильмі» үшін номинацияда «Квадрат» сөзсіз үздік еді. Оның қарсыластарынан Звягинцевтің «Нелюбовь»-і ерекше аталады. Тек «Квадрат» «өркениетті елдердің” өте көп жарасына тұз себеді – әлеуметтік теңсіздік, расалық теңсіздік, ой мен пікір азаттығы, өркениеттілік, заманауи өнер, әке болу, фестивальдік кино және… жатбауырлық. Өмірдің қай саласы да қайшылыққа толы, фильм соны айтады. Соншалықты бай, тақырыптық аясы кең, және сонысымен өткен жылдың ең үздік жұмысы еді. Әттең, тағы да саясатпен Бразилиялық “Фантастическая женщина” қара үзді. Теңдік пен гуманизм деген жақсы, тек жақсы кино жапа шегіп жатқанда жаның ашитыны болмаса.
Дереккөз: today.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024