Түркістанда көп балалы аналарды қолдайтын «Қолғабыс» жобасы жүзеге асады, -деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласында үш маңызды мәселе 100 пайыз шешімін тауып отыр. Оның біріншісі халық саны 800-ге дейінгі адамды құрайтын 62 елді мекенге модульдік медициналық пункт орнатылып, медпунктерге қажеттілік мәселесі толық шешілді. Екінші облыс тұрғындарының түгелімен электрондық денсаулық паспорты жасалды. Үшінші медициналық ұйымдарды компьютермен қамтамасыз ету 100 пайызға жетті. Бұл туралы бүгін 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.
Аймақ басшысы жалпы өңірдегі денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны жарақтау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және цифрландыру бағытында атқарылған бірқатар жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульт орталығы ашылып, облыстық жедел жәрдем қызметі 37 санитарлық автокөлікпен жабдықталды.
Сондай-ақ, облыс басшысы Жастар жылында Елбасы отбасы институты мен құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті. Осы орайда, биыл өңірдегі жалғыз балалар үйі “Отбасы үйі” форматына көшіп, жетімдер үйі толығымен жабылатыны белгілі болды.
«Дәстүрлі отбасы құндылықтары сақталған Түркістан облысындағы көпбалалы отбасылар ұлттық демографияға айтулы үлес қосып келеді. Қазір облыста 130 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде 16 500 отбасыға 27 немесе 100 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл көпбалалы отбасыларындағы жұмыссыз ата-аналардың жұмыс табуына, балаларға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті техникалық және кәсіби білім беру мақсатында арнаулы көмек көрсетуді көздейтін “Қолғабыс” жобалар кешенін жүзеге асырамыз. Атап айтқанда, 2019 жылы облыста “Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту” бағдарламасы шеңберінде 3,3 млрд теңгеге 3700-ден астам балаға техникалық және кәсіби білім гранты беріледі. Оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Облыстағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыда демеу үшін атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы 69 682 адам қамтылып, жылдық жоспар 10,1 пайызға артығымен орындалған. Атап айтқанда, 1 160 адам 6,2 млрд. теңгеге жеңілдетілген пайызбен шағын несие алса, 44 097 азамат жұмысқа орналасты. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға 5 440 адам жолданып, 4 117 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 4 529 адам жолданып, оның 2 818-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жастар практикасына 4305 адам жолданды. Ауылдық жерлерде бірінші кезекте қажет мамандықтарды оқыту мақсатында «Әр ауылға өз шебері» жобасы іске асырылуда. 2558 азамат 24 біліктілік негізінде оқуға жолданды. Жалпы жыл басынан 31 000 жаңа жұмыс орны ашылды.