Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа басшысының алдына бірнеше міндет қойды.
«Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет», – деді мемлекет басшысы.
Екіншіден, Тоқаевтың айтуынша, қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдарына айналуы керек.
«Қазіргі таңда менің тапсырмам бойынша «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатыр. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет», – деді президент.
Сондай-ақ, Тоқаев қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздеуге және тәркілеуге ерекше назар аударуды тапсырды.
«Бұл «ақшаны қадағалау» қағидаты деп аталады («follow the money»). Қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттен аулақ болуға ынталандыруға тиіс. Бұл жұмысты Агенттік қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп атқаруы керек», – деді ол.
Айта кетейік, президенттің тапсырмасы бойынша қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделі енгізіліп жатыр.
«Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды. Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын. Жалпы, халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн. Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа басшы агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттырады деген үмітін білдірді.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024