arasha.kz

Тоқаев Маминге бір ай уақыт берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке коронавируспен күрес және Қазақстанда вакцинацияланған азаматтардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдау үшін бір ай берді.

Тоқаев эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте бірқатар шаралар қабылдауды тапсырды.

«Бүгін көтерілген барлық мәселелер үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс. Жедел іс-қимылдың нақты жоспары қажет. Қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде баяндауды сұраймын. Вакцина алғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет. Бұл топ біркелкі емес. Вакцинадан бас тартудың себептері де әртүрлі. Мұндай адамдар арасында шешім қабылдай алмай жүргендер көп», – деп атап өтті президент.

Мемлекет басшысы барлық құралдармен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруді, көзін жеткізуді тапсырды.

«Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз. Өйткені «қыңыр» антиваксерлердің шағын тобы кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», – дейді Тоқаев.

Айта кетейік, президенттің қатысуымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өтіп жатыр. 

 

Exit mobile version