Мемлекет басшысы жол жөндеу жұмыстарын жүргізуде олқылық жіберіп, бақылауды босаңсытып алған бірнеше облыс әкімінің орынбасарын қызметтен босатты.
Облыс әкімдерінің бірінші орынбасарларымен бірге қызметтен босағандар қатарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы да бар. Бұл туралы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын ретке келтіру жалғасып жатыр. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды» ,-деп жазды Берік Уали.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр.