07-10-20 |
2250 рет қаралған
Тоқаев үкімет жұмысына жоғары баға берді.
Тоқаев үкімет жұмысына жоғары баға берді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші кезеңіне дайындық жөніндегі кеңесте Үкімет жұмысына жоғары баға берді. «Жалпы Үкімет осындай күрделі ахуалда өз жұмысын тиімді, сәтті жүргізуде. Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек. Індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданған. Ең бастысы, тәжірибеміз бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын», – деді мемлекет басшысы өз сөзінде. Президент сонымен бірге біртұтас биоқауіпсіздік жүйесі мен ұлттық вакцина әзірлеу бойынша жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. «Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қауымдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді»,-деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайды. Жаз айларындағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығармаған жөн. Осыны айта келе президент бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталды. Ол тестілеу көлемінің аздығы және тестілеу бағасының қымбаттығы, көршілес елдерге қарағанда масканың қымбаттығы, өңірлердегі ауруханалардың нашар дайындығы мен мониторинг жүргізетін топтардың селқостығы. Осы және басқа да мәселелер бойыша Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.