16-02-25 |
620 рет қаралған
Үздік қызметі үшін сарбаз демалыс алды.
Үздік қызметі үшін сарбаз демалыс алды

Жаяу әскер жауынгерлік машинасының жүргізуші-механигі қатардағы жауынгер Шахман Мұратов Қарағанды гарнизонының 31775 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Аталған бөлімге жуырда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов барған болатын.

Сарбаздармен әңгіме кезінде қорғаныс ведомствосының басшысы Шахман Мұратовтың жалпы әскери жарғылар мен қызметтік міндеттерді мінсіз білетініне назар аударды. Оның нақты жауаптарын, жинақы саптық болмысы мен командирдің оң пікірін ескере отырып, Қорғаныс министрі жігітті 10 күндік демалыспен ынталандыруға шешім қабылдады.

Бұл сарбазға да, оның отбасына да нағыз тосын сый болды. Қолына гүл ұстаған жауынгер анасы және туыстарымен қауышқанда бәрі қатты таң қалды.

Шахман – Бақытбек пен Роза Мұратовтың жеті баласының тұңғышы, ал отбасындағы ең кенжесі – бір жарым жаста. 

– Ұлымыздың әскерге барам деген шешіміне түсіністікпен қарадық. Ер адам өз бетінше маңызды шешімдер қабылдай білуі керек, – деді  сарбаздың анасы.

Сарбаздың әжесі Дайла Маубаева немересінің ер жеткеніне сүйініп, демалысқа келгеніне өте қатты қуанды. Сарбаздың әкесі іссапарда екен, алайда ол да ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, қорғаныс ведомствосының басшылығына ризашылығын білдірді.

Мерзімді қызмет аяқталғаннан кейін Шахман Мұратов Қорғаныс министрлігінің «Срочники 2.0» бағдарламасы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр. Мұндай мүмкіндік мерзімді әскери қызметтен кейін беріледі. Сол сияқты жауынгерлік дайындықтың үздіктері ҰБТ-ны тапсырусыз тегін жоғары оқу орнына түсу құқығын пайдалана алады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.