15-02-19 |
3150 рет қаралған
Вице-министрдікі ештеңе емес, халықтың «жыны келмесін» де.
Вице-министрдікі ештеңе емес, халықтың «жыны келмесін» де

«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деп кеткен атам қазақ. Осы арқылы адам баласының бір-бірімен тез тіл табысатын қасиетін айтып кеткен ғой. Алайда, бүгінгі біздің сот төрағаларына, вице-министрлерге, депутаттарға, министрлерге бұл сөздің мүлдем қатысы жоқ секілді. Халықпен, әсіресе билік пен қоғам арасындағы дәнекер деп әспеттейтін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен депутаттар дөрекі сөйлесіп, оларды министрлер мен вице-министрлер менсінбей жатады.

Бір дәлел – кешегі журналистер «жынын келтірген» Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин. Шағын және орта бизнеске арналған бір шарада тілшілер одан тарифтер туралы сұраған. Соны көтере алмаған вице-министр тілшіге кәсіпкерлік туралы шарада тарифтер туралы сұрап «жынымды келтірмеңізші, б…» деген ғой. Тарифтер жайлы Парламентте айтқанын, тағы білгісі келсе тілші арнайы келуі керектігін, сонда бәрін жіпке тізіп беретінін қосқан. «Жын қысқан» вице-министрдің бейнежазбасы айдай әлемге тараған соң, жанынан «жындары» да қашып кетсе керек, кешірім сұрапты. Енді сұрағанда да, әлгі тілшіні арнайы шақыртып, ат-тон айыбын беріп кешірім сұраған екен деп қалмаңыз. Министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева арқылы «Мен журналистерге қарата қатты айтқан сөзіме өкініш білдіремін. Иә, менің сөзім өрескелдеу болды. Сол себепті, журналистерден ресми түрде кешірім сұраймын», – деп сәлем айтыпты. Оны да баспасөз хатшысы «Фейсбуктегі» парақшасына жазған. Журналистерге жауап беруге дайын екенін де еске салыпты.

2013 жылы да «Қазғарыш» Ұлттық агенттігінің төрағасы, ғарышкер Талғат Мұсабаев «Протон-М» зымыранының құлауына байланысты Үкіметте өткен шұғыл жиыннан шығып, журналистерге сұхбат берерде КТК телеарнасының тілшісімен тілге келіп қалғаны есте. Камераға түсіруге ыңғайлы жерге тұруын өтінген тілшіге «менің қайда тұратынымды көрсететін сен кімсің, кет н…» деп Халық қаһарманы қаһарын төккен-ді.

Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжәлиевтің бірнеше жыл бұрын үйін салып, бұдан қызмет ақысынан қалған қарызын сұрап келген өзбекке көше әңгімесінің көкесін танытып, түрмеге тығамын деп дөң-айбат қылған қылығы әлемжеліні шарлап кетті. «Сот беделі мемлекет беделі», «судья қызметтен тыс жерде де әдепті, мәдениетті болуы керек» деген секілді күнде айтылатын қағидаларды жоққа шығарған төраға әдепсіздігі үшін қызметінен қуылып тынды.

2013 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Серік Әбденов Қарағандыдағы халықпен кездесуде әйелдердің пенсия жасы не үшін 63 жасқа көтерілетінін сұраған тұрғынға берген жауабындағы бірнеше қайтара айтқан «потому что»-сы қанатты сөзге айналып шыға келгені есте.

Дәл сол жылы болса керек, Мәжілістегі кезекті отырыста әскери депутат Абай Тасболатов орнына кешікпей жету үшін үстел үстінен секіріп өтіп, «сенсация» жасаған-ды. Ол трюкті де телеарналардан бүкіл ел көрді.   

Осыдан екі-үш жыл бұрын бас «төтеншелік» болып тұрған Владимир Божко Қарағандыда 9 бірдей ауданды су басып жатқанда, «Апатқа қар тасымаған тұрғындардың өздері кінәлі», – деп әр көктемде болатын су тасқынынан өзі «құрғақ» шығып еді.

«Алматылықтардың спортқа жаны құштар. Олар әр сенбі тікұшақпен тауға ұшып барып, шаңғымен сырғанайды. Сосын гольф ойнауға барады!», «Алматының қарын күремей-ақ, қою керек. Өзі еріп кетеді», – деп Ахметжан Есімов Алматы әкімі болып тұрғанда «ғылыми жаңалық» ашты. Ал, біз осыған дейін қар өзі-ақ еріп кететінін қалай білмегенбіз деп таңқалғаннан аузымызды аштық.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «көп балалы аналар миллиондаған ақша алады» десе, соның орынбасарлығынан жақында ғана босап, Мәжіліс депутаты болған Нұржан Әлтаевқа салсақ: «егер ақшаны үнемдесе, 20 мың теңге бір айға жетеді» екен. Яғни, ең төменгі күнкөріс минимумы саналатын 29698 теңгеден аз ақшаға да айына «көйлегіңді көк, тамағыңды тоқ» етуге болатын болып тұрғаны да.

Мұның бәрін не үшін тізбектеп отырмыз?! «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа» деген баба нақылы бар. Біздегі атқа мінгендер артқы топтан адаспауды ойламақ тұрмақ, артында халық тұрғанын, көптің алдында әр сөзіне, әр іс-әрекетіне «қарауыл» қоюы керектігін қаперлеріне де алмайды. Тап бір айдан түскен секілді.

Журналистер вице-министрдің «жынын келтіргені» ештеңе емес, шенеуніктеріміз халықтың жынын келтірмесін де…  

Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер (1994-1997 жылдары Үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі):

– Меніңше, мұндай оқыс та оғаш оқиғалардың орын алуының үш себебі бар.

Біріншіден, ол нақты шенеуніктің ішкі мәдениетіне, қазақша айтқанда, ақылы мен парасатына, көргенділігі мен тектілігіне байланысты: дөрекілік пен дарақылық осындайда бой көрсетіп қалады. Оны ешнәрсемен жасыра алмайсыз!

Екіншіден, осындай дарақылықтың артында жалпы журналистік қауымға деген өркениеттік дәстүрлерге мүлдем жат менсінбеуішлік, БАҚ өкілдерін місе тұтпаушылық секілді жаман үрдістер жатыр. Мемлекеттік органдар мен олигархтар меншіктеп алған БАҚ-тың көрген күні де осы: кез келген шенді оларға зіркілдеп, тізе батырып, мансұқ етіп жатса да, заң бойынша оларды жауапқа тарту мүмкін емес.

Журналистерді ол көргенсіздер «қоғамның өкілі, ақпарат алу мен таратуға конституциялық құқы, азаматтық парызы бар мамандық иелері» ретінде емес, құдды бір қол астында жүрген батырақтар, «барып кел, шауып келге» ғана жаралған қолбала секілді санайды! Бір нәрсе боп қалса, тиісті министрге не БАҚ-тың қожайынына хабарласып, мәселесін шешіп алатындай боп тұрады.

Журналистік қауымның да кәсіби бірлестік ретінде өз кінәсі бар: өз әріптесіне басқа біреу орынсыз тіл тигізіп жатса, неліктен барлық БАҚ бір пікір танытып, осынау фактіні айыптап, ондай мәдениетсіз шендінің жауапқа тартылуын талап етпейді?! Немесе сол тұлғаға бүкіл БАҚ болып бойкот жарияламайды?!

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.