arasha.kz

«Жүз мыңға жуық азамат қарызын қайтара алмай, банктерден қашып жүр»

236 мың азаматымыз пайызы сұмдық онлайн-несие алған.
Жүз мыңға жуық азаматтар қарызын қайтара алмай, банктерден қашып жүр.
Миллионға жуық адам несие алып, күні банктермен өтіп жатыр.
Қарап отырсақ, нағыз Қарызстанға айналып бара жатырмыз. 

Бұның теріс жағы мынадай:
1) қарызды тарата-тарата, оны қайтара алмаған банктер жабылып жатыр;
2) қарызға белшеден батқан азаматтың елге де, экономикаға да, отбасына да берері шамалы. Барлық қара тізімге еніп, қарабетке айналған адам ертең отбасын да жетістірмейді, кәсіп те аша алмайды, себебі қажет кезінде несиені оған ешкім бермейді;
3) банк және несие жүйесі дағдарып жатыр. Себебі қайтарылмас қарыз саны көп, қайтарымы жоқтық жаңа қарыз іздеуге итермелеп, я шетелден қарыз алғызады, я мемлекетке жүгініп, ұлттық қорға қол салғызады.

Қазір жеке азаматтардың банкроттығы деген заң қабылданып жатыр.
Сол заңды дұрыс пайдаланып, біраз қарыздың әңгімесін жабу керек.
Жағдайы төмен, несиесі аса көп емес азаматтарға рахымшылық жасау керек. Бірақ бір шарт: рахымшылық алған адамдар 5-10 жыл бойы, әбден миі қатып, піскенше несие алу құқынан айрылуы тиіс.
Біздің халық әлі де несиені ойыншық санайды. Оны қайтармау ерліктің түріне айналып барады. Бұл да жаман, бұл да қылмыс. Ұлттық спорт түрі болып барады тура!
Несиені банктер тек нақты бизнес жоспары бар, табыс көзін көрсете алатын азаматтарға ғана беруі керек. Білімге, ипотекаға беру керек. Тойға, жерлеуге деген несиелерді атымен жою қажет. Үйге қажетті техника алатын несие тек отбасыларға, ерлі-зайыптының екеуі де қызмет істейтіндерге берілгені абзал. Рас, бұл тұтынуды шектеуі ықтимал, бірақ жақсы смартофон алып, оның ақшасын қайтара алмай, төрт бағасын төлеу не масқара?!
Сонымен қатар заңсыз несиелеу, аса көтерме пайызбен қарыз беретін ұйымдарға заңмен тосқауыл қою шарт.
Сонымен бірге үлкен ағарту жұмысын шын мәнінде мектептен бастау керек. Балаларға түсінікті, қазақ тіліндегі көрнекі сабақ беру керек. Несиенің не екенін түсіну бала кезден, отбасыдан басталуы керек. Экономика да отбасыдан басталады. Отбасы да таза экономика. Ұлттық үнем үйдегі үнемнен басталмаса басқа қай жерден басталмақ? Күнде айтқан малшашпаққа да қатысты осы мәселе. Үнем, адал еңбек ұлттық этосқа айналуы міндет.

Дереккөз: саясаттанушы Айдос Сарымның facebook парақшасы

Exit mobile version