4 ақпанда от жалмаған бес бүлдіршіннің қазасына байланысты қайғылы оқиға балалардың ата-анасының ғана емес, қара халықтың көкірегін қарс айырды. Дәстүрімізде қара өлеңмен шер тарқататын еді, ақындарымыздың жоқтау өлеңдерінің бірнешеуін жариялауды шештік.
Порталымыз кеше Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының «Өртеніп ұрпақ өлгенше, Өртеніп дүние кетпей ме?!» деген өлеңін жариялаған болатын. Бүгін ақын Бейбіт Сарыбай, Жарас Сәрсек, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашевтердің жоқтауларын жариялаймыз.
Бейбіт Сарыбай, ақын:
Жоқтау
Ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусақты жоқтау
Басбармақ-ай, басбармақ,
Қарабауыр қасқалдақ…
Жұртың сені жоқтауда,
Жанарынан жас парлап.
Титтәй баланүйрегім,
Жалын, отқа күйгенім.
Қалай жерге қияды ел,
Сүйінгенін, сүйгенін.
Ойбой, ортантерегім,
Келте болды-ау дерегің.
Мемлекетің менсінбей,
Болды Аллаға керегің.
Шылдыр, шылдыр шүмегім,
Ата-анаңның күні едің.
Тәтті-ақ еді тілегің,
Әппақ еді жүрегің.
Ей, кішкентай бөбегім,
Ей, қайғылы өлеңім.
Талбесіктен суырып,
Жер бесікке бөледім…
Кеттік рас кердеңдеп,
Тұрмын міне шер меңдеп.
Қош деуге де шара жоқ,
Шолақ қолың ербеңдеп..
Жарас Сәрсек, ақын:
Қанжылап жаным ,
Дал – дал боп жүрек айрылып ,
Өзіме – өзім келе алмай далмын қайрылып.
Маңайым түгел өртеніп кеткен секілді ,
Жападан жалғыз отырмын қырда қайғырып.
Өртеніп кетті бес бірдей талшын тағдырым ,
Зілбатпан ойдың ішінде қалдым қаңғырып.
Бес бірдей талшын тағдырдың құлын дауысы
құлақ түбінен кетпестей енді жаңғырып.
Сұраймын кімнен бес талшынымның обалын ,
Бес талшыбығымның обалын ?!.
Бетіңе сенің бес рет тұрмын түкіріп ,
Безбүйрек менің қоғамым.
Селт етер кез де ,
Мөлт етер көз де сенде жоқ ,
Елжірер бір сәт елге тән мінез емге жоқ .
Сұстанып алып қарайсың жұртқа шекеңнен ,
Маңайын жұтқан ,
Абайын жұтқан теңге боп .
Өзіңмен енді қалайша , айтшы , дос болам ,
Қайтарып алдым кезімді сол бір қоштаған?!
Ғана ма Бесеу?..
Кебінге кептеп келместей ,
Жерледің бүкіл Елімді бүгін , тас қоғам !..
Айнұр Тұрсынбаева, айтыскер-ақын:
Айналайын ақ бөпем..
Ақ бөпем ау, ақ көкем..
Кебініңе жылынып,
Қара жерде жат бөпем..
Әлди, әлди сүйгенім..
Қызыл отқа күйгенім..
Тойып тамақ ішпедің,
Бүтін киім кимедің..
Кешір мені кеш күнім..
Не сұмдықты естідім..
Тар бөлмеге тығылып,
Күлге айналған бес гүлім..
Әлди, әлди құлыным..
Лап етті ме бұрымың…
Көк түтінге тұншығып,
Шыр-шыр еткен шыбыным..
Өлім неге оп-оңай..
Неткен қайғы о тоба-ай..
16 мың теңгеге
Күйіп кеткен ботам-ай..
Кешіре алсаң кеш ботам..
Қабыл болмай еш батам..
Бес күн жалған дүниеге
Сыймай кеткен бес ботам..
Әлди әлди ақ бөпем..
Жер бесікке жат бөпем..
Балғынбек Имашев, айтыскер-ақын:
Мынау бес күн жалғанға қонақ Ана,
Қайырым мен мейірден қоғам ада.
Бес баладан бір күнде айырылып,
Жаспен бірге жанардан сор аға ма?
Түнде ризық табам деп ол ана да,
Сорлап қалды-ау бейшара сол арада.
Өртте кеткен бес қызы тіріле ме,
Көкке кеткен бес құсы орала ма?
«Ақымақтар туғанды доғара ма?
Жоспарлама сәбиді, жобалама!»
Деп отырған әкім мен дәрігерлер,
Балалы үйдің қорғаны бола ала ма?
Бес баладан айрылған сонау Ана –
Бес саусағы шабылған шолақ Ана!
Бес бөлмелі енді оған үй берсе де,
Баласыз үй – қу мазар, мола ғана..
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024