«Жайдарман – көрермен арасында кеңінен таралған қызыққа толы ойын. Ол жастарды біліктілікке, еңбекке, әділдікке баулиды. Жас ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан оларды тәрбиелеу жолында ешкім аянып қалмау керек. Мемлекет басшысы жастарды әрдайым қолдауға шақырады. «Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», – деп атап өтті ел Президенті.
28 қараша Жетісу облысының жастары арасында Талдықорған қалалық
I. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Жайдарман ашық лигасының финалдық ойыны өтті. Аталған шараны Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастырды. Жүлде қоры – 650 000 теңге.
Ақтық кезеңге маусым бойы қарсыластарынан озық болған «Фаворит», «Maximum», «Креатив», «Инновация», «Форма» командалары жолдама алған еді. Финалға шыққан барлық команда өздерінің жоғары дәрежедегі дайындықтарын көрсете алды. Ойыншылардың тауып айтқан әзілдерінің астарынан шынайы өмір шындығын аңғаруға болады. Қағытпа қалжыңмен көрермендерді бір күлдіртсе, тартымды әңгімелерімен ойландырып та қойды.
Сонымен қазылар алқасының әділ шешімімен облыс көлемінде өткен Жайдарман ойындарының финалында әдемі әзілімен, әртістік шеберліктерімен ерекшеленген «Фаворит» командасы жеңімпаз атанды. Ал II орынға «Инновация» командасы лайықты болды. Үштікті «Форма» мен «Максимум» командалары қорытындылады. Сондай-ақ «Ең үздік ойыншы» номинациясын «Фаворит» командасының мүшесі Әнуар Айасыл жеңіп алды.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, диплом және ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Жайдарман – жастарды біріктіретін, ұйымшылдыққа, көшбасшылыққа, байқампаздыққа жетелейтін қайталанбас орда. Мұндай жобалар жасөспірімдерге керек екені сөзсіз. Сондықтан ұйымдастырушылар алдағы уақытта да бұл жоба жалғасатынын баса айтты.