Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын пайдаланудың ережелері туралы мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, Қазақстан азаматтары қордағы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға, ипотекалық қарызын өтеу мен қайта қаржыландыруға, үй салуға және жөндеуге, баспанасын кеңейтуге пайдалана алады.
– Зейнетақы жарнасынан алынған ақшаға ипотека жабуға, тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға, баспананы кеңейтуге болады. Тек жаңа емес, екінші нарықтағы үйді сатып алуға, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге болады. Оған кез-келген екінші деңгейдегі банктен алынған ипотека жарайды, – деді Біржан Нұрымбетов.
Зейнетақы жинағын пайдалану ережелерінің өзіндік талаптары да бар. Мәселен, сіз қордағы қаражатыңызды жұмсап сатып алған мүлікті 5 жыл өткеннен кейін ғана сата аласыз. Сонымен бірге, қор салымы «Жеткіліктік шегі»-нен асатын азаматтарға ғана төлем жасайды.
– «Жеткіліктік шегі деген не?» және оның қалай есептелетініне тоқталайын. Бұл белгілі бір жастағы салымшының қордағы ең төменгі қажетті сомасы. Яғни, ең төменгі жалақымен есептелетін қаражат көлемі. Сол қаражат бар болса, одан асқанын алуға болады, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Алдын ала есептеу бойынша, «Жеткіліктік шегі» 30 жастағы азамат үшін – 2 млн 518 мың теңге, 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге, 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге, 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге, 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге, 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге, 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге болып белгіленген. Яғни, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында осындай қаражатыңыз болса одан асқанын өз еркіңізбен ала аласыз.
Бұл мәселеге байланысы халықтың пікірі әртүрлі.
– «Жеткіліктік шегі» деп ойлап тапқандары ақылға қонбайды. Сонда жалақысы төмен, бірақ тұрақты жұмыс істейтіндер тағы да назардан тыс қалады. Өз басым құрылыс саласында жұмыс істегендіктен салымым тым аз. 10 жылдың ішінде 1 миллионды әрең жинадым. Алда не боларын кім білсін? Денсаулығым ауыр жұмыстан қазірден сыр беріп жүр. Бейнеттің зейнетін көретін жасқа жетеміз бе, жоқ па? Маған зейнетақы қорындағы қаражатымның жартысын берсе емделуге жұмсар едім, – дейді Семей қаласының тұрғыны Қуантхан Ағзамұлы.
– Менің ойымша, зейнетақы жинағын пайдаланудың ережелері әлі шикі. Оны халықтың пікірін ескеріп жан-жақты талдау керек. Бұл қаражатқа аса мұқтаж жандар төлемнен қағылайын деп тұр. Мәселен, мен 45 жастамын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 2 миллиондай ғана қаражатым бар. «Жеткіліктік шегі»-не жетпегендіктен оның бір бөлігін ала алмауым мүмкін. Ал, маған ол ақша ауадай қажет. Келер жылы баламды оқуға түсіру керек, – дейді Талғар қаласының тұрғыны Рафик Маратұлы.
Естеріңізге сала кетейік, жуықта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 700 мың қазақстандыққа зейнетақы жинағының бір бөлігін беру қажеттігін айтқан болатын.