13 қаңтарда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2021 жылғы есебін жариялады. Ұйым 2020 жылғы жағдай бойынша жүзден астам елдегі адам құқықтарының жағдайына талдау жасаған. HRW есебінде «Қазақстан президенті Тоқаевтың реформа жайлы уәделер бергенімен, 2020 жылы елде адам құқығын жақсарған жоқ» деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық жазды.
Human Rights Watch биылғы есебінде «2020 жылы Қазақстанда билік сыншылары қудаланып, сөз бостандығы шектелді, бұған әсіресе коронавирус пандемиясы да әсер етті» деп жазды. Ұйым елде «Бейбіт митинг туралы» жаңа заң қабылданса да, билік бейбіт митингіге шыққандарды ұстауды жалғастырғанына алаңдайды.
HRW елде оппозициялық топтардың қызметіне тыйым салғанын, белсенді Макс Боқаевтың (2016 жылы Жер митингісінен кейін «жалған ақпарат таратты», «митинг ұйымдастырды» деп бес жылға сотталған) 2020 жылы қамаудан босатылмағанын атап өткен.
БЕЙБІТ МИТИНГІГЕ КЕДЕРГІ ҺӘМ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ЖАЗАЛАУ
Ұйым Тоқаев мамырда қол қойған, билік реформа ретінде мақтаған «Бейбіт митинг туралы» заңды «бірден митингіге шығуға тыйым салады, тіркелмеген ұйымдар мен кейбір мүгедек жандарға митинг өткізуге шектеу қояды» деп бағалады.
«Билік қыркүйектің ортасында оппозициялық митинг пен 31 қазанда саяси реформа талап еткен митингіге рұқсат еткенімен, 2020 жылы елде бейбіт жиын өткізу құқығын пайдаланғысы келген жүздеген адам ұсталды, айыппұл алды не қысқа мерзімге қамалып шықты» деп жазды HRW есебінде.
Құқық қорғау ұйымы Алматы сотының белсенді Әсия Төлесованы (6 маусымдағы наразылық кезінде адамдарды ұстап жүрген полицейдің фуражкасын қағып түсірген) «полицияны қорлады және күш қолданды» деп 18 айға бас бостандығының шектегенін, биліктегі «Нұр Отан» партиясын сынап пост жазғаны үшін «жалған ақпарат таратты» деп сотталған белсенді Әлнұр Ілияшевтің бас бостандығын үш жылға шектегенін атап өтті.
Ұйым есебінде Қазақстан сотының 8 наурызда феминистік акцияға шығып, гүл шоғырын өртеген белсенділер Арина Осиновская мен Фариза Оспанға айыппұл салғанын да келтірген.
HRW Нұр-Сұлтан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» мен «Көше партиясы» қозғалысы жақтастарын қудалауды әлі жалғастырып жатыр деп алаңдайды. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының жақтастары мен мүшелерін қудалауды «күшейтті» дейді ұйым. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстан жайлы резолюциясында Нұр-Сұлтанды сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған. Қазақстан билігі «Көше партиясын» ҚДТ-ға қатысы бар деп, бұл қозғалысты да «экстремистік» деп таныған. Былтыр қазанда Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Тоқаевқа хат жолдап, «Көше партиясын» да «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.
HRW Нұр-Сұлтан «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің 11 жылдан кейін түрмеден босатқанын, бірақ оның түрмеде азаптау туралы айтқандарына қатысты тергеу жүргізілмегенін жазады.
Қазақстан билігі Жәкішевті жемқорлық айыбымен соттаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар және халықаралық ұйымдар оның ісінің саяси астары бар деп санайды.
«ПАНДЕМИЯМЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ КЕДЕЙШІЛІКТІ ЕҢСЕРЕ АЛМАДЫ»
HRW Нұр-Сұлтанның коронавирус пандемиясымен күрес шараларын сынап, полиция 1626 адамды карантин шараларын бұзды деп кем дегенде 15 күнге қамағанын, кейбір адам «төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты» деп жазаланғанын жазды.
Ұйым «Қазақстан билігі коронавирус кесірінен құлдыраған экономиканы құтқару шарасын дұрыс қабылдамағандықтан жүздеген мың адам кедейшілік алдында тұр» деп сынады.
«Елдегі әлеуметтік қорғау мен үкіметтің пандемия кесірінен жұмыссыз қалған жұртқа материалдық көмек көрсету шаралары әлсіз болғандықтан кедейшілік пен экономикалық қиындықтарды еңсере алмады. Қаржылық көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болды, жұрттың керегіне жетпеді. Ел бойынша көп балалы әйелдер биліктен әлеуметтік көмекті арттыруды, баспана мәселесін шешуді талап етіп жиі наразылық білдірді» деп жазады ұйым есебінде.
HRW коронавирус шектеулері үйде зорлық-зомбылық көргендер баратын қызметтер мен орындардың жұмысына шектеу қойғанын, билік мұндай орталықтардың жұмысына маңызды де қарамағанын атап өткен.
Ұйым есебінде Қазақстанға қатысты айтылған басқа да негізгі фактілер:
Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету. Әйелдер мен қыздарға зорлық – Қазақстандағы үлкен мәселелердің бірі. Қазақстан заңы мен соты зорлық көргендерді толық қорғай алмайды. Ал полиция үйдегі зорлықты алдын алу, анықтау бойынша тренингтен аз өткен. Қыркүйекте мәжіліс үйдегі зорлық-зомбылық туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған. Бұл заңда зорлық-зомбылық қылмыс ретінде қарастырылмайды. Елдің әділет министрі ЛГБТ құқығын қорғайтын Feminita ұйымын тіркемей қойған. Ал Жоғарғы сот Feminita белсенділерінің аппеляциясын әлі қарап жатыр.
ЛГБТ мен гендерлік теңдік. Маусымда парламент трансгендерлердің денсаулығына қатысты бабы бар «Денсаулық туралы заңды» қабылдады. Қазақстанда жыныс ауыстыру қорлау мен кемсітуге толы.
Еңбек құқығы. Қазақстан билігі мамырда Кәсіподақ туралы заңға өзгертулер енгізді. Енді елде кәсіподаққа мүше болу міндеті алынып тасталды және кәсіподақты тіркеу жеңілдеді. Бірақ елдегі ең ірі кәсіподақ – Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конгресі әлі тіркелген жоқ.
Мүгедектер құқығы. Инклюзивті білім берудің дамуы әлі баяу. Мүгедек балалардың көбі оқшауланып қалған, арнайы мектептер мен интернаттарда оқып, онда көбіне қорлық көреді, физикалық шектеулерге тап болады және дәріні артық мөлшерде ішеді. Қазақстанның мүгедек балаларға арналған мектептерді жабу бойынша нақты жоспары жоқ.
HRW биылғы есебінде Қазақстан абақтылары мен полициясында азаптау қатігездікпен қолданылатынын әрі жауапсыз қалатынына алаңдайды. Ұйым азаптауға қарсы ұйымдарға сілтеме жасап, елде қаңтар-шілдеде азаптауға қатысты 140 шағым түскенін жазады.
Есепте «8 ақпанда болған Жамбыл облысы Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалдан (11 адам қаза тапты) кейін, мамырда дүнгендер полиция тарапынан негізсіз ұстауға және қысымға шағымданып, ашық арыз жазғаны» да көрсетілген.
Қордайда болған ұлтаралық жанжалда өртенген ғимарат. Жамбыл облысы. 9 ақпан 2020 жыл.
Қордайда болған ұлтаралық жанжалда өртенген ғимарат. Жамбыл облысы. 9 ақпан 2020 жыл.
Тамызда БҰҰ нәсілшілдікті жою комитеті Қазақстандағы дүнгендердің арызына алаңдаушылық білдіріп, билікті шара қабылдауға шақырған еді.
HRW есебінде «Қазақстанда журналистер харассментке ұшырайды, қамалады, жұмысы үшін қудаланады. Билік 2020 жылы пандемиямен күресті желеу етіп, журналистерге, билік сыншыларын жазалау шараларын қолданды» деп жазады. Қазақстандағы «Әділ сөз» ұйымына сілтеме жасаған HRW Қазақстанда қаңтар-шілде арасында жеті журналист шабуылға ұшырағанын, 21 тілші және блогер ұсталғанын, тілшілерге қарсы «жалған ақпарат тарату», «жала жабу» айыбымен 38 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Human Rights Watch және өзге де халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтауға, оппозиция мен азаматтық белсенділерді, тәуелсіз журналистерді қудалауды доғаруға үнемі шақырып келеді. Қазақстан билігі елде адам құқықтары сақталып отыр деп мәлімдейді.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024