21-06-22 |
Билік ештеңеден қорықпайды – Асқар Омаров.
Билік ештеңеден қорықпайды – Асқар Омаров

Елімізде ресейлік телеарналарды жабу туралы ұсыныс көптен бері айтылып жүр. Бұл ой Путин әскері Украинаға басып кіргенде тіпті күшейе түсті. Осы сұрақты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровқа қойған едік. Салаға жауапты министр «халықтан шағым түспесе ештеңе істемейміз» деп қарап отыр.

– Қазір әлеуметтік желіде Молдова президенті Майя Сандудың ресейлік телеарналарды жауып тастауға батылы жеткені қызу талқыланып жатыр. Осыдан кейін көпшілік «Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін ресейлік телеарнаны неге жаппаймыз?» деген сұрақ қоя бастады…

– Бұл сұраққа бұған дейін бір емес, бірнеше рет жуап бергенмін. Өкінішке қарай мен Молдова елінің қандай заңнамаға сүйеніп мұндай шешім шығарғанын білмеймін. Ал бізде телеөнімдерін тарту жұмыстары провайдер мен телеарна арасындағы келісімшарт бойынша жүзеге асады. Ал мемлекет бұл іске араласпайды. Үкімет тек осы елде шет елдік телеарнаның өкілі болуды міндеттейді. Екіншіден, вице-министрлік кабельдік жүйеде отандық 15 телеарнаның болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда бұл пакеттің ауқымын кеңейтуге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал өзге шет елдік телеарналарды көру, көрмеу тұтынушының өз таңдауы болады. Егер де азаматтар шет елдік телеарнаның заң бұзып, арандату әрекетін байқаса құқық қорғау органдарына шағым түсіруі керек.

Әлихан Бәйменов Тоқаевтың қатысуымен өткен ұлттық құрылтайда соғысты насихаттайтын телеарналар туралы айтты. Соғысты насихаттайтын телеарна дегеніміз ресейлік телеарна ғой. Алдағы уақытта президент немесе сіздердің тараптарыңыздан қандайда бір нақты шешім бола ма?

– Заңға қайшы болса, азаматтардан бір арыз түссе, бұл сұрақты қай телеарна болса да қарастырамыз.

Ал сіз бөтен елдің соғыс туралы бір жақты хабарын халыққа тыңдау зиян деп ойламайсыз ба?

– Егер қандай да адам мұндай хабарды тыңдағысы келмесе, оның өз таңдауы бар.

Жауабыңыз күлкілі деп ойламайсыз ба? Біз бұл сұрақты жай адамнан емес, биліктің өкілі ретінде сізден сұрап отырмыз. Биліктің деңгейінде шет елдік телеарналарға шектеу бола ма, жоқ па?

– Мысалы аудиторияның қай телеарнаны көргісі келгенін таңдауға құқығы бар ғой. Мен сіздерге кабельдік жүйедегі алғашқы 15 телеарна отандық БАҚ болатынын айтым ғой. Бұл міндетті пакет халыққа тегін беріледі. Ал басқа пакеттерді провайдерлер халыққа сатады. Біз бұл процестерге заң бұзушылық болмаса араласпаймыз. Ол үшін үндеу немесе арыз болуы керек. Басқа жағынан бұл провайдер мен телеарнаның екіжақты құқықтық келісімі болады.

Қазақстан заңы бойынша соғысты насихаттауға тыйым салынады. Ал сарапшылар «Егер де ол заңмен тыйым салынған әрекет болса, оған биліктің өзі жол беріп отыр» дегенді айтады…

– Егер ондай фактілер анықталса сараптама жүргізіп, арыз жазу керек.

2014 жылы «Таң» телеарнасының журналисі ретінде Қасым Аманжол Украинаға барып, майданды түсіріп келді. Бірақ ол деректі фильмді билік телеарнадан көрсетпей тастады. Яғни, билік қаласа өнімді көрсетпей тастаған былай тұрсын, тіпті телеарнаны жауыпта тастай алады. Сіз жаңа демократия, таңдау туралы айтып жатырсыз ғой. Билік Ресейдің телеарнасын жауып тастаудан қорқа ма?

– Сіздің сұрағыңыз қызық екен (Күлді). Билік ештеңеден қорықпайды. Тек қана халықтың талабымен жүреді.

Билік Украина туралы ақпаратқа тыйым салады да, Ресейдің өніміне неге көз жұма қарайды? Бұл биліктің Ресейден қорқуы емес пе?

– Қалайша Украинадан келген ақпаратқа тыйым салады? Негізі біздің кабельдік жүйелерде 4 украиналық, 2 түркиялық телеарна жұмыс істеп тұр. Шындап келгенде бұл нарық. Нарық болғаннан кейін сұранысқа байланысты жұмыс болады. Бұл провайдер жеке компания болып саналады.

Серік Құдайбергенұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk