Кешеден бері биыл бірінші сыныпқа абратын астаналық 26 мың оқушының тағдыры талқыға түсіп жатыр.
Жуықта Астана қаласы білім басқармасы 2023-2024 оқу жылында мектеп табарлығын аттайтын бірінші сынып оқушыларының болжалды санын жариялаған болатын.
Астанада 2022-2023 оқу жылы табысты аяқталды. Білім сапасының көрсеткіші қала бойынша 59,7%-ды құрады. Балалардың 98%-ы жазғы демалыспен қамтылды. Ағымдағы оқу жылында 11-сыныпты 9 539 түлек аяқтап, ҰБТ тапсырды. Алдын ала болжам бойынша жаңа оқу жылында бала саны 255 мыңға жуық болады. Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бала барады деп күтілуде – делінген хабарламада.
Ал кеше ғана белгілі ұстаз, қоғам белсендісі «Қазбілім» оқу орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжан елордадағы бірінші сыныпқа баратын оқушылардың нақты санын жариялап, өз алаңдаушылығын білдірді.
Міне Астана қаласы білім басқармасының жұмысының көрнісі! Егер мемлекеттік идеология болса! Егер білім басқармасының жұмыс бағыты дұрыс болса! Мектеп әкімшілігінің ниеті болса! Ана 10 571 баланың кемінде жартысын қазақ сыныбына бұруға болар еді!!! Бірақ, керісінше қазақ сыныбында орын жоқ, орыс сыныбына барасыз ба, – деп отыратын қабылдау комиссиясын да көрдік! Ойбай, ата-ана таңдауы дейді, бұның бәрі ата-ана таңдауы емес, бұның бәрі сапасыз жұмыс көрнісі! – деп жазды Аятжан Ахметжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда аралас мектеп пен орыс мектептерінің санын Білім басқармасы өз қолдарымен жасап отыр.
Бас қалада Астанада 40% бала әлі орыс сыныбына баруы ол сұмдық! Сол балалардың 90% ы таза қазақтың баласы! Әр жылдары шаршамай жұмыс істеп, біразының бетін бері қайтардық! Путинге айтам дегендермен де айқастық, бірақ, сол айқасымыз ұнамады, өзімізді ығыстырды! Министрлік керісінше осындайлармен жұмыс істеудің, бағыттаудың орнына біз секілді осы бағытта жұмыс істеп жүрген санаулы адамдарды жұмыстан босатуға тапсырма береді… Енді тірліктері мынау! – дейді ол.
Аятжанның жазбасына пікір жазғандардың көбі мектепте қазақ сыныбы толып кеткенін, енді орыс мектептеріне бармаса, қазақ тілді мектептерде орын жоғын айтатындарын жазыпты.
Менің де немеремнің жағдайы осындай әдейі істелген екен ғой, қазақ сыныбында орын жоқ деп қабылдамай, амал жоқ 1-сыныпта орыс сыныбына барды, 2-сыныпта ауыстырамыз деп едік тағы орын жоқ, сонымен кетті орыс сыныбына қазір мен айқасып қазақ сыныбына бере алмай жүрмін – депті Тәжікүл Мүсірепова есімді желі қолданушы.
Дегенмен бұл пікірмен Білім басқармасы келіспейді.
2020 жылдары Астанада білім алатын оқушылар арасында қазақ тілді сыныптар 50 пайыздан аспайтын. Соңғы екі жылда қазақ сыныптарының саны 60 пайызға жетті. Сондықтан қоғамда талқыланып жатқан дерекпен келіспеймін. Бұл жерде ата-аналар таңдауына да назар аудару керек. Сол пост жазып отырған азаматтар нақты қай мектепте «орыс мектебіне бар» деген екен, соын айтсын, мен сол мектептің директорымен өзім сөйлесейін – дейді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазинов.
Сондай-ақ ол қазақ сыныптарында 35-40 бала, ал орыс сыныптарында 20-25 бала ғана отырады, орыс тілділерге жайлы жағдай жасалған деген жалған ақпарат екенін айтады.
Керісінше, соңғы бірнеше жылда біз елордада орыс тілді мектеп ашуға шамамызша тосқауыл болып келеміз. Бином мектептерінің 80 пайызға жуығын тек қазақ тілді мектеп етіп аштырдық. Ал мектепте қазақ сыныптарында 35-40 бала, ал орыс сыныптарында 20-25 бала ғана отырады деген ақылға сиымсыз әңгіме – деді басқарма басшысы.
Arasha.kz
ФОТО: vlast.kz