arasha.kz

Білікті маман тәрбиелеу міндетіміз

Халық арасында танымал, көпшілік таңдайтын бірнеше мамандық бар. Олар әр қоғамда, қандай жағдай немесе тәртіпте болмасын сұранысқа ие болады. Сол мамандықтардың ішінде заңгерлік те бар. Бұл мамандық иелері мемлекеттік мекемелерде, заң органдарында, түрлі ұйымдарда, шағын фирмаларда, кәсіпорындарда, коммерциялық және қоғамдық құрылымдарда ауадай қажет.Заң  саласында  білікті маман даярлау жолында әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  таптырмас оқу орны.Болашақ заңгерлерді дайындайтын факультетімізге осы жылы 70 жыл толады.Осы жылдар ішінде факультет- мықты оқытушылар құрамын жасақтап,еліміздің атын шығарып жүрген мамандарды даярлап шығарды.

Заң факультетінің дамуының барлық кезеңдерінде оның қызметі Қазақстанның қоғамдық өмірімен, еліміздің экономикасының қажеттілігімен, құқық саласындағы жоғары білікті ғылыми, тәжірибелі кадрлармен қанағаттандыруымен тығыз байланыста болғанын айта кеткен жөн. Заң ғылымы, құқықтану, заң ілімі – құқықты әлеуметтік нормалардың ерекше жүйесі ретінде зерделейтін және құқықты қолдану қызметінің алуан түрлі қырларын зерттейтін қоғамдық ғылым. Факультеттің  мақсаты – мемлекеттік-құқықтық мәселелерді шешуге қабілетті, біліктілігі жоғары заң саласына маман даярлау,еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру. Университетте білім беру ісі реформаға сәйкес,оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің ашықтығы, білім алушылардың академиялық біліктілігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚАЗҰУ-дың білім реформаларына сәйкес өзгерістер енгізіп,шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатып,шәкірт тәрбиелеу жолында ұстаздарымыз аянбай еңбек етуде.

Заңгер мамандығын таңдап қана қоймай оны бар жан-тәніңмен қызығып ізденіп, жұмыс жасау әр түлектің Отан алдындағы парызы деп  білемін. Себебі,заң саласы адам өмірінің кепілі іспеттес. Шынайы және әділетті шешімдер қабылдауға,тәртіп орнатуға,адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей жауапты шәкірттерімізге қоғам алдында артылар міндетте мол.Қорыта келгенде мемлекет алдында, Ата заңымыз алдында жауапкершілікті сезіну керек, заңгер мамандығын таңдау адам бойындағы патриоттық сезімді арттыруға мүмкіншілік береді. Басты міндет- әрбір болашақ заңгер дайындауда, жақсы маман болып шығу үшін тынбай еңбек етіп,ізденіп, сапалы білім беру біздің үлкен міндетіміз.

Жугралина Б.М

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы,з.ғ.к.

Таскын Мадина

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушысы

Exit mobile version