Үлкен қалалар мен облыс орталықтарын қайдам, әсіресе шағын қалалар мен аудандар және ауыл мектептері ұжымдарына «горона», «района» деген сөз Әзірейілдің атындай үрейлі естілетіні бар. Үстерінен қарайтын білім бөлімдерінен немесе басқармаларынан қандай да бір тексеріс келетін болса, директорынан бастап мұғалімдеріне дейін тызақтап жүргені. Кейде, әншейінде қырықпышақ болып қырқысып жататын бәзбір мектеп ұжымдары мұндайда жаңағы «горона» немесе «районаның» алдында ортақ абыройларын жабу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып кететінін қайтерсіз. Тіпті, кей кездері «абыройларын жабудың» соңы ақша жинауға ұласып кетіп жатады.
Қысқасы, мектептер «гороналар» мен «районалардың» ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Өйтпегенде ше, орта білім ошақтарының тағдыры, бюджеті және басқасы, бәрі-бәрі солардың қолында. Енді сол білім басқармалары қолда барда қонышынан басып жатыр ма, жоқ әлде қолынан келгенше мектептерге қарайласып келе ме? Бұл сұрақта бәрі үшін бірауыз сөзбен жауап беру қиын.
Мұнымыз бұрыннан да естіп-біліп жүрген жайттар. Ал, енді осы нәрсе жоғарыдағылардың, нақтырағы депутаттың аузынан айтылса ше?! Әрине, ол кезде мәселенің салмағы артады, басқаша реңк алады. Оның үстіне оны Сенат депутаты Дариға Назарбаева айтса… Демек, біздің естіп-біліп жүргенімізден олар да бейхабар емес. Қалай болғанда да, бір қоғамда өмір сүреміз ғой.
Сонымен, таяуда сенатор Дариға Назарбаева мектептерді тікелей қаржыландыру қажеттігі туралы мәселе көтерді. Осы тұрғыда сөйлей келе білім басқармаларын да сын садағымен түйрей өткен болатын сонда. «Қазір мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Меніңше, ол ақша тікелей Астанадан бөлінетін болса, облыстық, қалалық және аудандық білім басқармалары мүлдем қажетсіз болып қалады. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі мектепке бюджет қаржысы бөлінгенде, ол ақша біраз уақыт жаңағы басқармаларда жатып қалады. Олар оны бүгін бере ме? Ертең бере ме? Ашығын айту керек, бюджет қаржысын үнемдейміз деп, толығымен бермеуі де мүмкін. Артынан кітаптарға, я болмаса, күрделі жөндеуге ата-аналардан жинай саласыңдар деп, жылы жаба салады. Ол жерде заңбұзушылықтар көп. Меніңше, ондай басқармалардың бәрін жауып тастау қажет», – деді сонда сенатор Дариға Нұрсұлтанқызы.
Сенатордың сөзін сенаторлар да қолдап-қолпаштауда. «Негізі, бұл бастаманы іске асыруға болады. Бірақ оны жүзеге асырудың нақты механизмі болуы керек. Бұл мәселені жан-жақты зерделеп шыққан дұрыс. Сосын барлық құрылымдарды дайындап қойған жөн. Әсіресе, мектептер дайын болуы қажет. Негізі, нақты меxанизм керек. Сонда ғана іске асыруға болады», – деп бұған Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова да үн қосты.
Иә, орта білім беру жүйесі не көрмей жатыр десеңші. Әсіресе, мектептер. Білім басқармалары сол бітпейтін реформаларды жүзеге асырушы, орындаушы екені белгілі. Әлбетте, жүзеге асыру барысында асыра сілтеулер орын алып кетпей тұрмайтын. Енді сол «орындаушыларға» да тықыр таянбақ па?! Рас, кейде білім бөлімдері басы артық шаруалармен айналысып кетіп жатады. Оны әлеуметтік желілерде «білім бөлімдері жабылса, әншілер концерттерінің билеттерін енді қайда өткізеді…» деп орынды әжуәлағандар да жоқ емес.
Сенатор Д.Назарбаева айтқандай, облыстық, аудандық білім басқармалары жабылса, шынында, одан мектептердің бағы ашыла ма, алақандарын жайғанды қойып, өз беттерінше күн көріп кете ала ма?! Бірдеңе деу қиын.
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері:
– Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы білім саласы жайлы жан-жақты хабардар адам ғой. Оның мектептерді жан басына қарай қаржыландыруды енгізсек, көптеген мәселелерді мектеп басшыларының өздері шешеді, ол кезде білім басқармаларының немесе бөлімдерінің қажеті болмай қалады деген пікірінен хабардармын. Осы орайда, Грузияның экс-басшысы М.Саакашвили өз уағында білім басқармаларын қысқартып, олардың орнына әдістемелік кабинеттер ашқаны, ал, қысқартудан үнемделген және көлеңкелі бизнестен жарыққа шығарылған қаржының есебінен мұғалімдердің жалақысы көбейтілгені туралы оқығаным бар еді.
Алайда, қай мәселенің болсын тиімді һәм тиімсіз тұстарын таразы басына салып алғанымыз дұрыс. Олай дейтінім, жан басына қаржыландыру жүйесі оқушысы көп мектептер үшін тиімді. Ал, оқушы саны аз мектептер үшін қолайлы емес екен. Бұл тіпті мұғалімдердің айлықтарына да жетпей қалуы мүмкін. Өйткені, жалақыдан бөлек мектептердің коммуналдық төлемдері де соның ішіне кіреді. Менің көріп, естіп жүргенім, кейде тіпті қарызданып шығатын да жағдайлар болады. Әсіресе, оқушысы аз, кіші кешенді мектептер қазағы қалың ауылдарда көптеп саналады. Осы жағынан келгенде мұның қиындық тудыратын тұстары жоқ емес. Қазақтың көбі ауылда ғой. Бұл жаңашылдықты қабылдасақ, солардың жағдайы қалай болатындығын таразы басына салып барып шешім қабылдайтын шығар деп министрлікке үміт артамыз.
Дегенмен, тағы бір мәселе, біз бақылаусыз жұмыс істеуге үйренбеген халықпыз. Ешкімнің бақылауынсыз өз міндетін өзі біліп атқаратындар ілуде біреу шығар. Мұндай сана толық қалыптасты ма?! Сол жағы да қиындау. Мектептерде де бес саусақ бірдей емес. Оқушыларға, білім беру ісіне қатысты ішкі мәселелері жетерлік. Соның бәрін білім басқармаларының сұрап, қадағалап, бақылап отыруы керек-ақ. Мектеп басшыларының бәрі бірдей міндеттерін өздігінен тиісті деңгейде атқарады деп айту тағы қиын. Бақылап отырғанның өзінде кемшіліктер кетіп жатады. Осы тұрғыдан келгенде, бұл ұсынысты жүзеге асыруға іштей дайынбыз ба, санамыз соған сай ма деген сауалдар менің көкейімде тұрады.
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024