arasha.kz

Еліміздің оқушылары алғаш рет қазақ тілінен арнайы емтихан тапсырып жатыр

Бүгін Қазақстан мектептерінде аралық және қорытынды емтихан тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауатын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихан тапсырады.

Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді.

Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша.

Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберлігін көрсетеді.

29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9 сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар болады, ал 11 сыныпты бітірушілер 28 мамыр — 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.

«Ақтөбе облысынан 9 мектеп, Атырау облысынан 20 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектеп оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды», — деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9 сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11 сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.

Exit mobile version