arasha.kz

Елімізде қыркүйектен бастап коронавирус жұқтырған оқушылар ғана қашықтықтан оқиды

Жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Оқушыларды, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқыту ұсынылып отыр», – деді Аймағамбетов үкімет отырысында.   

Егер оқушының ата-анасы немесе өзі коронавируспен ауырса, не болмаса денсаулығы бойынша тәуекел топқа жатса, олар уақытша қашықтан білім алады.  

Сонымен қатар  балабақшаларда 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылды.

Министр оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсауығын сақтау үшін арнайы санитарлық шаралар қабылданғанын айтты.

Барлық мектеп, колледждер мен университеттерде қызметкерлер мен білім алушылар маска киюге міндеттеледі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтеу, дезинфекция шаралары өткізіледі.

Бұған қоса, барлық мектепте қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, үзіліс уақыты әртүрлі уақытқа белгіленеді. Оқу мекемелері бір сынып – бір кабинет қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұқаралық шараларға тыйым салынады.

Студенттер, педагогтер мен басқа да қызметкерлер ғимаратқа Ashyq жүйесі арқылы кіргізіледі.

Exit mobile version