Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен ваучерлік қаржыландыруды жүзеге асыру кестесіне сәйкес, Астана қаласы жаңартылған әдістемеге көшуді 2025 жылдың қаңтарында жүзеге асырады. Бұл туралы елорданың өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында өткен брифингте Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесінде кезек баланың жасы және әлеуметтік мәртебесіне қарай 18 санат бойынша бөлінеді. Әрбір санаттың өзінің кезегі болады. Ваучер итерация (қайталану жолымен) беріледі. Кезек автоматты түрде жылына 2 рет өзектендіріледі.
«Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен ваучерлік қаржыландыруды жүзеге асыру кестесіне сәйкес, Астана қаласы жаңартылған әдістемеге көшуді 2025 жылдың қаңтарында жүзеге асыруы тиіс. Осыған байланысты Білім басқармасы 2024 жылдың қарашасынан бастап ваучерлік қаржыландыруды енгізуге дайындық шараларын қабылдап, оның аясында басқарма қызметкерлері мен басшылығы Шымкент және Тараз қалаларына тәжірибе алмасу мақсатында жіберілді. Бүгінгі таңда Білім басқармасымен келісіліп, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен ортақ жол картасы бекітілді», – деді Қасымхан Сенғазыев.
Сондай-ақ биылғы 17 желтоқсаннан бастап Білім басқармасы «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, жекеменшік және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарды мемлекеттік білім беру тапсырысын алу, ваучерлік қаржыландыруға көшу, әдістемелік және техникалық өзгерістерге үйрету бойынша жоспарлы іс-шараларды өткізуде.
Іс-шара негізінде «Астана қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың ваучерлік қаржыландыруға көшу» тақырыбындағы оқыту-семинарына 600 мектепке дейінгі ұйымның басшылары және жауапты мамандары қатысқан.
«INDIGO» ақпараттық жүйесіндегі кезекті жаңарту және оны санаттарға бөлу жұмыстары осы жылдың 26-30 желтоқсан аралығында өткізіледі. Аталған күндері жүйедегі қызметтер қолжетімсіз болады.
24-27 желтоқсан аралығында қаланың 6 ауданында бекітілген келесі мекенжайларда ата-аналар және баланың заңды өкілдері үшін «Ашық есік» күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі:
Алматы ауданы: Әл-Фараби атындағы «Оқушылар сарайы», Б. Момышұлы даңғылы, 5.
Байқоңыр ауданы: №8 мектеп-лицей, С. Сейфуллин көшесі, 50.
Есіл ауданы: Д. Қонаев атындағы №66 мектеп-лицей, Д.Қонаев көшесі, 33/1.
Нұра ауданы: №79 мектеп-лицей, М. Нәрікбаев көшесі, 3.
Сарыарқа ауданы: М. Өтемісұлы атындағы «Оқушылар сарайы», Ә. Мәмбетов көшесі, 1.
Сарайшық ауданы: №93 мектеп-лицей, Ж.Нәжімеденов көшесі, 24.
Сондай-ақ әдістемелік көмек алу үшін ата-аналарға мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың жанындағы консультативтік пункттерге баруға немесе туындаған сұрақтар бойынша Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөліміне хабарласуға болады: 55-68-64, 55-72-49, 55-68-74.