Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі.
Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысында магистратура мен докторантураға қабылдауға қатысты ұсыныстар енгізген болатын. Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі» ,- деді министр өз жазбасында.
Министрдің айтуынша магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылатын болады.
«Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады.
Жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алады» ,- деп атап өтті ол.