Тәрбиелік мәні зор балалар әдебиетінің қазіргі қал-ахуалы кереметтей деп айта алмаймын. Себебі мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиеті ілуде біреу ғана кездеседі. Жоқтың қасы. Ал шыға қалса, таралымы 200-300 данадан аспайды. Бұл туралы жазушы Арасанбай Естен Жазушылар одағында өтіп жатқан жиын барысында айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта балалар әдебиетіне көп көңіл бөлінбей отыр. Осы тақырыпта қалам тербейтін жазушыларды ынталандырып отыру үшін мемлекет тарапынан байқаулар мен мүшайралар ұйымдастырып отыру керек.
«Мемлекет жағынан көмек болмағандықтан, авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Қалтасының күшіне қарай таралымы да аз болып отыр. Бұрын балалар әдебиетіне арналған байқаулар мен бәйгелер өткізіліп тұрушы еді. 2006-2008 жылдар аралығында «Астана бәйтерек» атты байқау ұйымдастырылды. Онда балалар әдебиетінің бүкіл жанры қамтылатын. Оның да дәурені ұзаққа бармады. Одан кейін 10 жылға дейін жалғасқан «Дарабоз» байқауы өткен еді, ол да тоқтап қалды. Осы жылдар арасында балалар әдебиетіне жаңа есімдер келді. Оған мүшайра мен ынталандыру жұмыстары әсер етті. Байқауда жүлде алған кітаптар орыс тіліне аударылып, екі тілде 2000 данамен басылып, мектептерге тегін таратылды. Мұндай істерді алдағы уақытта да жалғастыру керек», – деді Арасанбай Естен.
Сонымен қатар ол, 2018 жылы жарыққа шыққан балалар әдебиетіне де тоқталып өтті.
«Соңғы 4-5 жылда тұрақты шығып келе жатқан «Тәтті алма» деген кітап бар. Кеше ғана соның бесінші томының тұсауы кесілді. Бұл кітапта тоқтап қалмай, шыға берсе деген ойдамыз. Жалпы, 2018 жылы жарық көрген балалар әдебиетіне тоқталсам, қолымызға 3 кітап тиді. Олар балалар ақыны Тілеуғазы Бейсенбектің «Сөйлейтін күшік», тәлімгер тәрбиеші ұстаз Жақсыгүл Қалжанованың «Бесіктен бесікке дейін» және журналист жазушы Бейсенәлі Ералының «Атамның ертегілері» кітаптары. Сөйлейтін күшік деген атының өзі оқырманын елең еткізетін қазақтың төбет күшігі туралы хикаят екен. Бұл балалар әдебиетіне қосылған жаңаша тұрғыдағы шытырман оқиғалы заманауи туынды деп айтуға болады. Нағыз балаларға арналған киноға сұранып тұрған шығарма», – деді жазушы.
Сөз соңында ол балалар тақырыбында жазып жүрген жас жазушыларды Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдауға шақырды.
BAQ.KZ
BAQ.KZ
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024