Мұғалімдерді газет-журналдарға жаздыру әзірге тоқтамайды. Мұндай пікірді «Қазбілім» орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы айтты.
«Ол әзірше тоқтамайды. Себебі білім саласы білім және ғылым министрлігіне емес, жергілікті атқарушы органға қарайды. Мектеп директорларын, білім бөлімінің басшыларын жергілікті атқарушы орган тағайындайды. Сондықтан олар министрліктің бұйрығын емес, жергілікті биліктің айтқанын орындайды. Ал жергілікті билік есеп толтыру және басқа әртүрлі нәрселерді жасау үшін міндеттейді. Ал мектеп директорлары министрлік пен жергілікті билік арасында жалтақтап отыр. Дәл қазіргі жағдайда бұл мәселені шешу мүмкін емес», – деді Аятжан Ахметжанұлы.
Білім саласы жөніндегі сарапшының сөзіне қарағанда, білім басқармалары мен мектеп директорлары жергілікті билікке бағынышты әрі олардың нұсқауын орындауға мәжбүр. Ал “Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімдерді мәжбүрлеп баспасөзге жаздыруға тыйым салынған.
Бұған дейін министрлік мұғалімдерді еркінен тыс баспасөзге жаздыру мәселесіне қатысты заң талаптарын жариялаған еді. Онда: “Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 6-бабында көрсетілген 2-тармағына сәйкес педагогті кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттерді жүктеуге жол берілмейді.
Мұғалім қай газетті оқып, қай басылымға жазылуы қажет екенін өзі шешеді. Басылымға жазылғысы келмеген жағдайда педагогтерді еш мәжбүрлеуге болмайды. Оған тыйым салынады.
Әкімдіктер тарапынан газеттерге жазылу қажет деген «тапсырмалар» да директорларға келіп түспеуі тиіс. Әрине, белгілі бір басылымдарға жазылуды қарастыру жөнінде ұсыныстар айтылса болады. Бұл ретте әр мұғалім өзі шешім қабылдауы қажет.
Егер басылымдарға мәжбүрлеп жазылу туралы нақты шағымдар келіп түссе және бұзушылық фактісі расталса, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабының 7-3-бөліміне сәйкес заң бұзушы тұлға ескерту түріндегі әкімшілік жауапқа тартылады. Бұл бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 20-дан 120-ға дейінгі АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Аталған бұзушылық фактілері бойынша өңірлердегі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне шағым жасауға болады” делінген.
Қазіргі кезде баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Жылда осы кезде көтерілетін мәселенің бірі – мұғалімдерді баспасөзге жаздыру. Бұған дейін мұғалім қоғам белсендісі Айман Сағидулла мұғалімдерді газет-журналдарға күштеп жаздырумен күресіп келе жатқандарына бес жылға жуықтағанын айтып, мәселені министр Асхат Аймағамбетовтің назарына салған еді.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024