19-12-18 |
3420 рет қаралған
Назарбаев Университетінің студенттері мен түлектері «Самұрық-Қазынада» тағылымдамадан өте алады.
Назарбаев Университетінің студенттері мен түлектері «Самұрық-Қазынада» тағылымдамадан өте алады

«Самұрық-Қазына» АҚ мен Назарбаев Университеті Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес ЖОО студенттері мен түлектері ұлттық холдингте өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, өз ғылыми жобаларын жүзеге асыра алады, деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметі.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, бұл меморандум үздік жас мамандарды іріктеу арқылы Қордың кадр саясатын қолдауға және дамытуға бағытталған.

«Біздің компаниялардағы мамандардың әлеуеті айтарлықтай жоғары. Қор құрамына кіретін ұйымдардың алдына қойылған міндеттері мен олардың жағдайына байланысты білікті кадрлар іріктеліп алынған. Әйтсе де, қызметкерлер қатары үнемі толықтырып отыруды қажет етеді. Назарбаев Университеті студенттері ұлттық компанияларда және қордың өзінде өндірістік іс-тәжірибеден өту мүмкіндігіне қол жеткізсе, кадр саясаты да оңтайлы шешіледі», – деді А.Есімов.

«Біз өз түлектеріміздің қызмет барысында да дамуын бақылап отырғымыз келеді, себебі негізгі мақсаттарымыздың бірі – үздіксіз білім беру. Мұндай қадам жалпы ел бойынша кадр әлеуетін дамытуға қосылған зор үлес болады деп ойлаймын», – деп атап өтті «Назарбаев Университет» ДББҰ президенті Шигео Катсу.

Назарбаев Университеті осыған дейін де Қормен серіктес болғанын айта кету керек. Мысалы, осы жылы «Цифрлы жаз – 2018» бағдарламасы бойынша ЖОО-ның екі түлегі «Самұрық-Қазынаға» жұмысқа қабылданды.

«Бұл бағдарламаға қатысуға екі мың жас өтініш берді, оның 72-сі сұхбаттасудан өтті, 33-і қор мен ұлттық компанияларымызға жұмысқа тұрды. Біз аталған компанияларда жұмыс істеу үшін таныс емес, талант пен еңбекқорлық керек екенін көрсеттік. Жас кадрларды іріктеудің мұндай жолын ары қарай жалғастырып қана қоймай, жетілдіре түсеміз», – деді қор басшысы.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» және оның еншілес компанияларының қызметкерлері Назарбаев Университетінде біліктілігін арттыра алады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.