arasha.kz

Өңірлік университеттердің өрісі кең

Білім ошақтары ешқашан назардан тыс қалған емес. Себебі, білім мен ғылым – бүгінгі ел дамуының күретамыры. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Жолдауларында еліміздегі танымал жоғары оқу орындарының болашағына көңіл бөлумен бірге, өңірлік білім ошақтарының дамуын да күн тәртібінен түсірмей келеді.

Соның дәлелі ретінде Президенттің былтырғы Жолдауында: «Еліміздің өркендеуі өңірлердің дамуына тікелей байланысты. Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстанымым – күні бүгінге дейін әлі өзекті мәселе», – деп  аймақтардағы ахуал тек елдің ғана емес, өзінің де үнемі бақылауында екенін жеткізген болатын.

Жалпы, мемлекеттің аймақтарға арқа сүйейтіні, өңірлердің тамырына қан жүгіртіп, қажет жерінде қолдап отыруға көңіл бөлетіні белгілі. Ал осы өңірлердің еңсесін көтеріп, ертеңін нұрлы ететіндер шоғырын жергілікті мамандар құрайды. «Туған жерге туын тігуді» мақсат еткендердің өз елі, кіндік кескен жері үшін небір ерліктерге барып, тамаша жобаларға мұрындық болып жүргенін дәлелдеу артық. Осындай мамандардың аймақтан ұзамай, өңірлік оқу орындарында білімін жетілдіруі, кәсіп игеруі үшін өңірлік жоғары оқу орындары танымал білім ошақтарымен бәсекеге түсе алатындай, оқытушылық құрамы мен білім бағдарламасы, материалдық-техникалық жағдайы жан-жақты қамтамасыз етілуі маңызды. басты тетігі сол аймақтың әртүрлі ерекшелігін жетік білетін мықты мамандардың болуы екені бесенеден белгілі. Сондықтан білімді маман даярлау үшін өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту кезек күттірмес мәселе екені айдан анық.

Аймақтағы университеттер қайткенде өзіне талапкерлерді тарта алады? Оларды замана талабына жақындату үшін қандай мәселелер назарда ұсталуы керек? Бұл сұрақ Президент Жолдауында толық қамтылған.

Өңірлік білім ошақтары сол аймақтың инновациялық дамуының генераторына, базалық элементіне және аумақтық біліктілік орталығына айналуы үшін білім беру базасы жаңашылдықпен үндесіп тұруы керек. Осыны ескерген Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлердегі ЖОО-лардың әлеуетін арттыруға жол ашатын бастамаларды қолға алып, әріптестік байланыстың нығаюына мүмкіндік беруде.

Әрине, Алматы мен Астана секілді алып мегаполистерде жұмысын жүргізіп отырған, тарихы тереңнен бастау алатын, білікті ғалымдар мен оқытушылар іріктелген, материалдық-техникалық базасы бай байырғы ЖОО-лармен өңірлік университеттердің әлеуетін салыстыру мүмкін емес. Дегенмен, білім ошақтары арасындағы айырмашылықты азайтып, әріптестік байланысты нығайту үшін министрілік тарапынан барлық жағдай қарастырылуда.

Мәселен, ең алдымен жетекші жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары өңірлік университеттерге кең таратылуда. Бұл аймақтағы оқытушылардың арнайы дайындалған бағдарламаға сүйене отырып, сапалы білім беруіне жол ашады. Екіншіден, министрлік студенттерге қажетті оқу құралдарын, кітаптар мен оқулықтарды алуға да ден қойған. Соның арқасында жетекші оқу орындарындағы кітаптарды енді өңірлік университеттер кітапханасынан қиналмай табуға болады.

Сонымен қатар, беделді, танымал оқу орындарында дәріс оқитын, тәжірибесі мол, ғылымға қосқан үлесі қомақты, айтары, үйретері бар ғалымдар мен тәжірибелі оқытушыларды өңірлік білім ошақтарына арнайы жіберіп, дәріс оқыту әдісі де нағыз қажетті, дұрыс бастаманың бірі. Өздері сыртынан білетін, үлгі тұтып, өнеге етіп жүрген мықты мамандардың дәрісін тыңдау – өңірдегі жастарға да үлкен көмек.

Теледидарлардан жиі көретін, әлеуметтік желілерде үнемі бақылап жүретін білікті практик дәрігерлерден дәріс алу – біз үшін керемет мүмкіндік. Өзіміз күнделікті оқу процесінде пайдаланатын оқу құралдарының авторлары дәріс оқуға келгенде таңғалысымызды жасыра алмадық. Өзі зерттеген сала бойынша кітап жазған ғалымдардың тіл байлығына, білімінің тереңдігіне, парасаттылығына таңғаласың. Осындай білікті мамандармен танысып, оларды көзбе-көз көріп, дәрісін тыңдауға жағдайдың жасалғаны қуантады,   –  Семей медицина университетінің 2-курс студенті Сұңғат Есболатов.

Сұңғат Есболатов университетте терең білім беруге, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға жіті назар аударылатынын алға тартты. Бұл студенттердің білгенін тәжірибе барысында сынап көруге, қабілетін шыңдауға көмектеседі. Студенттердің білікті маман болып шығуына айрықша ден қойылады. Білім мен тәжірибені қатар меңгерген бұл университеттің мамандарына сұраныстың да жоғары екенін атап өткен дұрыс. Бүгінде Семейдегі барлық медииналық мекемелердің қадрлық әлеуетін осы университет түлектері толтырып отыр. Бұл да болса өңірлік білім ордасы үшін айтарлықтай жетістік.

Президент Жолдауларын бағдар еткен Ғылым және Жоғары білім министрлігі бүгінгі жетістіктермен тоқтап қалмақ емес. Әр өңірдегі оқу орындарында кездесетін жетістіктер мен кемшіліктерді анықтап, дұрыс шешім, дұрыс бағдар қабылдау үшін министрлік тарапынан жыл сайын әлеуметтік сауалнама жасалады. Осы сауалнамада өңірлік ЖОО-ларда кездесетін олқылықтар, оларды жолға қоюдың тетіктері, оқу орындарын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлер жинақталып, көпшілік пікіріне сүйене отырып нақты жоспар түзіледі. Сондай-ақ университеттердің рөлін күшейту аймаққа қаншалықты әсер ететінін анықтау, жастардың болашағын айқындаудағы оқу орындарының ықпалын бағалау мақсатында министрілік тарапынан үздіксіз зерттеулер жүргізіледі. Осы ретте министр Саясат Нұрбектің ауқымды жобаларға мұрындық болып келе жатқанын ескерген орынды. Министрдің үнемі облыстардағы жоғары оқу орындарын аралап, мұндағы жағдаймен тікелей танысып, ортақ мәселені мамандармен бірлесіп шешетіні көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Әсіресе осындай сапарларда өңірлік университеттерде білім беретін оқытушылармен, ғалымдарымен тікелей кездесіп, ұсыныстар мен пікірлерді ашық талқылау алдағы жетістіктердің кепілі екені талассыз. Өзі қызмет ететін саланың кем-кетігін оқытушылардан артық ешкім білмейді. Әрі өз саласына шын жаны ашып, шын жанкүйер болатын да – өңір ғалымдары мен ұстаздары. Сондықтан, құзырлы орган басшыларының ректорлармен шектелмей, қарапайым оқытушылармен жүздесіп, олар айтқан мәселелерді дереу, сапалы шешуге назар аударуы өңірлік білім ордаларының бағын жандырып, бәсекеде батыл басымдыққа ие болуына әсер етеді.

Exit mobile version