Дулат Серікбекұлы Юсупов, білім саласының IT-маманы, ақпараттық жүйелер магистрі:
– Сіздің ойыңызша Қазақстандағы қашықтықтан білім беретін платформалар неге әлсіз?
– Елімізде бұл салаға негізінен қомақты қаражат бөлінеді, техникалық жағынан жақсы қамтылған. Тек өкініштісі, сол қаражат өз деңгейіне жетпей қалады. Бірнеше адамның қолынан өтіп, сүзгіден өткендей діттеген жеріне жетпейді. Қазақстанда білікті мамандар да жоқ емес. Мәселе соларға көңіл бөлінбейді, жаңағы қаражат қолдарына тимей қалады. Атын атамай-ақ қояйын бәріміз жаппай пайдаланатын ең танымал банктің қолданбасы бар ғой. Оған миллиондаған адам кірсе де, қалыпты жұмыс істей береді. Банк ол жүйені өз қаражатына жасады емес пе? Ал, үкімет қыруар қаржы бөліп тұрып дәл сондай тұрақты жұмыс істейтін платформа жасай алмады. Кез-келген платформаны миллиондаған адам пайдаланғанда оған шамадан тыс жүктеме түседі. Бұл көлік ағыл-тегіл жүріп жатқан үлкен жол сияқты. Соған тағы бірнеше жол қосылғанда кептеліс болады. Платформа да дәл осылай жұмыс істейді. Пайдаланушылар неғұрлым көп болса жұмысы тежеле бастайды. Жүктемені азайтатын арнайы бағдарламалар бар. Бағарлама жол нұсқаушы сияқты «кептелістің» болмауын, жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз етіп тұрады. Бізде енгізілген bilimland.kz, kundelik.kz, e-learning атты платформалардың әлсіздігі де сонда. Мемлекетіміз тек Е-learning жобасына ғана 37 млрд теңге жұмсапты. Тек нәтиже жоқ. Қомақты қаражат тиісті жеріне жетпеген, білікті мамандар тартылмаған, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан тиімсіз жұмсалған. Аталған порталдардың барлығын тендер арқылы жеке компаниялар жасаған.
– Елімізге қашықтықтан білім беретін ортақ платформа қажет пе?
– bilimland.kz, kundelik.kz, e-learning атты платформалардың басын біріктіріп ортақ портал жасауға болады. Бірақ оған кіріспес бұрын интернет мәселесін шешіп алуымыз қажет. Шалғайдағы ауылдар мен аудандарды сапалы интернетке қоспай бұл тағы далаға шашылған қаражат болады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының өзінде ғаламтор түгілі ұялы байланысы жоқ ауылдар бар. Қатонқарағай ауданындағы елді-мекендердің жұрты қоңырау шалу үшін 10 шақырым жаяу жүріп жотаға шығуға мәжбүр. Қашықтықтан сапалы білім беру мәселесін кешенді түрде шешкен жөн. Жер қазып талшықтық оптика тартпай спутниктік интернет орнатудың жолдарын қарастыру керек. Мәселен, көршілес Ресей Ямал жерсерігі арқылы телеарна мен интернет тарататын жүйені сәтті енгізді. Сондықтан қандай мықты платформа жасасаңыз да ауылда интернет болмаса оның пайдасы жоқ.
– Елімізде Zoom платформасына қатысты дау-дамай көбейіп кетті. Оны оқу үрдісіне пайдаланған дұрыс па?
– Оқу жылы басталар кезде телеграмда мыңдаған оқырманы бар көптеген топтар құрылған. Оған сабақтар, оның сілтемелері мен құпия сөздері, оқушылардың тізімі сияқты мәліметтер салынған. Менің ойымша ұстаздарға алдын-ала нұсқаулық жүргізілуі керек болатын. Telegram-да жабық топтар құратын, Zoom-да жабық конференция өткізетін мүмкіндіктер бар. Мектептегі IT-маман соны ұстаздарға үйретуі тиіс болатын. Көптеген ұстаздар «конференцияны бастау» деген функцияны ғана біледі, қауіпсіздікті ескермейді. Егер дұрыстап қолданса Zoom-да әрбір конференцияның жеке нөмірі мен паролы болады. Ешкім шеттен кіре алмайды. Кірсе де күту бөлмесінде тұрады. Негізі білім жүйесі Telegram мен Zoom-ды амалсыздан пайдаланып отыр. Түптеп келгенде білім жүйесіне бірыңғай ортақ платформа керек.
Сұхбаттасқан Қуаныш Ғабдуллин, arasha.kz
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024