Күні кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі, орта және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісіне басымдық беруді тапсырды.
Алайда Асхат Қанатұлының бұл тапсырмасы қоғамды кезекті алдарқату емес пе? Сондай-ақ орыс немесе аралас мектепте оқыған бала қазақ тілін жетік меңгермесе оған 2-3 деген баға қойып, тіпті орныннан қалдыру мәселесі неге көтерілмейді?
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту – бәріміздің парызымыз. Сондай-ақ ол Елбасының мемлекеттік тілді дамыту саясатына сәйкес, білім саласында біраз жақсы өзгерістер болғанын ескертті.
«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді білім беру саласында дамыту бойынша бізге тапсырма берген болатын. Әрине, білім саласында тиісті өзгерістер болмаса қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қиынға айналады. Сондықтан келесі жылы Тіл комитетінің Білім және ғылым министрлігіне беріліп жатқаны бекерден бекер емес. Мұның бәрі жүйелі түрде осы саясатты жүзеге асыру үшін жасалып отырған қадамдар», – деді министр.
А.Аймағамбетов негізгі мәселе – мектепте, балабақшада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту екенін жеткізді.
«Орыс тілде оқитын балалар бар. Олар қазақ тілін 11 жыл оқып шыққанымен, қазақ тілін меңгеру деңгейін көріп отырмыз. Сағат саны бойынша қарайтын болсақ, қазақ тілінде және орыс тілінде қазақ тілі пәнін оқыту сағаттары тең. Бірақ сапа бойынша сұрақтар бар. Оны жасыруға болмайды. Сондықтан тиісті жұмысты атқармасақ болмайды», – деді ол.
Орыс сыныбында оқитын оқушылар мектепте қазақ тілін толыққанды неге үйреніп шықпайды? Бұл сұрақты Астанадағы №51 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлына қойған болатынбыз.
«Біріншіден, жауапкершіліктің жоқтығында. Яғни, бағдарламаның нақты орындалып шыққанын ешкім қадағаламайды. Мысалы 11 жыл қазақша оқыған бала мемлекеттік тілді толық үйреніп шықты ма? Баланың аттестаттағы бағасы өзінің шынайы бағасы ма деген дүние қадағаланбайды. Мұғалім қандай баға қойды солай кетеді. Яғни, сен оқытсаң да, оқытпасаң да оның нәтижесін сұрап жатқан адам жоқ. Сондықтан да орыс сыныбындағы қазақ тілі қосымша пән сияқты. Екіншіден, орыс мектебіндегі қазақ тіл әдебиетінің мамандарының көбі қазақ тілінің мамандары емес. Бұрынғы неміс, француз тілінің мамандары қосымша қазақ тілін оқып алып мемлекеттік тілде сабақ беріп жүр. Үшіншіден, орыс және аралас мектептеріндегі іс-шаралардың тәрбие жұмыстарының барлығы мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде жүреді. Мемлекеттік тілде іс тәрбие жұмыстары жүрмейтін ортада ешкім қазақ тілін үйренбейді. Өйткені олар қазақ тілінің болашағын көрмейді.
Мектептердегі қазақ тілі мәселесін шешу үшін кадр сапасына мән беріп, нақты талап қою керек. Сондай-ақ орыс және аралас мектептердің әкімшілігіне нақты қазақ тілін біліп, мемлекеттік тілде тәрбие жүргізу керек деген талап қою қажет. Әйтпесе бәрі құрғақ сөз болып қалады. Кезінде Сағадиев «Орыс сыныбындағы 500 мың баланы қазақ тілінде сайратамыз» деп айтқан. Сайрата алмайды», – дейді ол.
Егер орыс сыныбында оқитын бала қазақ тілін толық білмесе, оған неге 2-3 деген баға қойылып немесе орнында қалдыру мәселесі көтерілмейді? Сондай-ақ жоғары жақтан «орыс сыныбында оқитын оқушыларға ешқандай кедергісіз 4-5 деген баға қойып беріңдер» деген астыртын тапсырма бар секілді.
«Жоқ, жоқ. Жүз пайыз сеніммен айта аламын. Себебі заң бойынша мұғалімнің бағасына өзінен басқа ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Шын мәнісінде мұғалімнен ертең «Бұл балаға неге 5 қойдың» деген жауап сұралмайды. Себебі тәуелсіз бақылау тұрмақ тәуелді бақылауда жоқ», – дейді ол.
«Қазақстан» ұлттық арнасында өткен 5 партия өкілдерінің дебатында Берік Дүйсенбинов «Топас мұғалімлер» деп айтып қалды. «Ақ жол» партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер азаматтың бұл сөзіне келісесіз бе деген сауалға А.Ахметжанұлы бүй дейді:
«Көпке топырақ шашуға қарсымын. Бірақ мұғалімдердің барлығы бірдей супер дегенге де қарсымын. Өйткені Тәуелсіздік жылдарындағы білімге деген көзқарас білімді азаматтарды білім саласынан кетірді. Күні кешеге дейін мұғалімдердің орташа жалақысы 80-90 мың теңгенің шамасында болды. Отбасын асырауға да жетпейтін ақшамен кім жұмыс істейді? Екі адам жұмыс істейді. Бірі топас адам, екіншісі шектен тыс фанат адамдар. Өкінішке қарай шектен тыс фанат адамдар қоғамда көп бола бермейді. Соңғы бір-екі жылда мұғалімдердің жағдайы көп жасалды. Педагог мәртебесі туралы заң қабылданып, мұғалімдердің жалақасы мен ұстаздық мамандықты таңдаған студенттердің шәкіртақысы көтерілді. Бірақ мұның нәтижесі енді бір 10-15 жылдан кейін ғана белгілі болады. Сондықтан да депутаттың мұғалімдердің топас дегеніне көзқарасым 50/50. Алайда мұғалімдерді топас деп қаралау үшін ең әуелі өзі мектепке келіп сабақ беріп көрсін. Өзінің інісі мен баласын мектепке сабақ беруге жіберсін. Егер балаң мен бауырыңды мектепке мұғалім етуге қарсы бола тұра ұстазды топас десең, онда өзің топассың. Одан басқа ештеңе емес. Ондай деңгейдегі адамның сөзіне ренжудің өзі топастық. Ұзын сөздің қысқасы мұғалімді топас дегеннің өзі топас», – деді Аятжан Ахметжанұлы.
Серік Жолдасбай