Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерді дабыл түймесі және бейнебақылау камераларымен жүз пайыз қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ата-аналар балаларын балабақшаға не мектепке жібергенде алаңдамауы керек. Қауіпсіздік шараларын толығымен қабылдап, оқушыларға жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін тиісті жұмысты ұйымдастыру керек. Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Сондықтан біз білім саласында кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек», – деді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.
Министр мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек екенін атап өтті.
«Бәрі дабыл түймесімен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұған көп шығын шықпайды. Қаладағы мектептердің бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылуы керек. Картинаның сапасы, бейнекамералардың рұқсаты, деректерді сақтау мәселелері шешілуге тиіс. Білім және ішкі істер министрліктерінің бірлескен бұйрығы бар. Қазір біздің әріптестер басқа органдармен бірге қарастырып, камераны орнату, сапасы мен басқа да параметрлер бойынша ұсыныстарын беріп жатыр», – деді Аймағамбетов.
Министр мектептерге мамандандырылған күзет тарту да өте маңызды екенін айтты.
Ол мектептің әрбір қызметкері мен оқушысы төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігін білуге тиіс екенін атап өтті.
«Бұл үшін оқу-жаттығу өткізу қажет. Біз қазір тиісті нұсқаулықтарға міндетті нормаларды енгізіп жатырмыз. Білім ұйымдарын аттестаттау кезінде оқу бағдарламасы, білім сапасына ғана емес, мектептің қаншалықты қауіпсіз екеніне де назар аударамыз», – деді Аймағамбетов.
Мектеп бітірген бала өз мектебіне қарумен бару деген ол, ең алдымен, тәрбие жұмысына қойылатын сұрақ. Ең алдымен, білім мазмұнына, білім бағдарламасына қойылатын сұрақ. Біз күзет, психолог, дабыл түймелері деп қана отырмай, тәрбие жұмысын да жандандыруымыз керек. Ең басты мәселе – құндылықтарға негізделген білім беру, деп түйіндеді сөзін министр.
Еске салсақ, өткен аптада Қазан қаласында мектепте атыс болды. Салдарынан тоғыз адам көз жұмып, он сегізі жараланды.