arasha.kz

Саясаттанушы: Мұғалімдерге талап артқанымен жалақы өспейді

Ежелгі Греция мен Ежелгі Римде  балаларды қарап, алғашқы сауатын ашатын құлдарды «мұғалімдер» деп атағаны тарихтан белгілі. Салыстырмалы түрде қазір Қазақстандағы мүғалімдердің еңбегі де дәл соған ұқсас. Оны қоғамның оған деген көзқарасы білім беру жүйесіндегі өзгерістер меноқушылардың көзқарасынан да байқауға болады. Сондықтан, біздің педагогтардың арасында «кәсіби жану» құбылысының кеңінен таралғаны кездейсоқ емес.

Бүкіл білім беру жүйесі халықаралық рейтингте жоғары балл жинау үшін жұмыс істейді. Әсіресе, білім мекемелерінің басшылары мұғалімдерге белгілі журналдар мен  квази-ғылыми басылымдарда мақалалар, әдістемелік құралдарды жариялауды талап етіп, қысым жасайды. Оған қоса, ҰБТ мен  ЖОО-дағы емтихандарда үлгерімге қатысты көрсеткіш бар. Одан да мінсіз нәтиже талап етіледі. 

Олар осылай көрсеткіш үшін жұмыс істеп жүргенде оқу процесімен айналысуға мұршасы да болмайды. Ұстаздарының орнына қағазбасты болып, нақты өз жұмысына кедергі келтіретін артық істермен айналысады. Осыдан кейін білім сапасы туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Сарапшылардың айтуынша,  халықаралық рейтингтердегі кейбір орындар (мысалы, университеттер үшін) әрқашан  шынайы  бола бермейді.  Мұндай рейтингтерге ұмтылу жақсылық әкелмейді. Мәселен, 2016 жылы, біздің ғалымдардың Scopus журналдарында 2040 мақаласы жарыққа шыққан.  2017 жылдың қаңтарынан бастап Elsevier компаниясы бұл базадағы талаптарды ескере отырып, импакт-факторы жоғары журналдарда қазақстандықтар жариялаған басылымдарды индекстеуді тоқтатты.

Қазақстанда жылдан-жылға мұғалімдерге талап артқанымен  жалақысы айтарлықтай өсер емес. Инфляция еңбекақы өсімінен асып тұрғанын ескерсек, оқытушылардың материалдық жағдайы әзірге көтерілмейді деуге  негіз бар. Әзірге білім беру жүйесін қаржыландырудың айтарлықтай өсуі байқалмайды. Мәселен, өткен жылдың соңында сенат депутаты Әли Бектаев мұғалімдерге жалақы мен жәрдемақы төлеуге қарастырылған 350 миллиард теңгенің республикалық бюджеттік комиссия тек 317 миллиард теңгені қолдағанын атап өтті. Бұл қаражат 2020-2022 жылдарға арналған. Бұған қарап әзірге  біздің мұғалімдер шын мәнінде мардымсыз тиын үшін жоғары кәсібилігін танытып, қырауар еңбек жазып,  түрлі есеп тапсырып, басқа да өз міндетіне кірмейтін жұмыстарды атқара бермек  деген ой туындайды.

Жоғарыда аталған «бәсекелестікке» қазақстандық құндылықтар жүйесі де әсер етеді. Әлеуметтік бедел үшін мұғалімдер профессорлық атақтар мен  басқа да регалияларға ұмтылып, сол үшін көлемді  монографиялар жариялауға мәжбүр болады.  Бұл жарыс әлемнің дамыған елдерін «қуып жетуге» деген ұмтылыстан туындаған. Барлық осы реформалар, сайып келгенде, мұғалімдердің оқу процесіне «озық» тәжірибені енгізу туралы көптеген мағынасыз есептер жазған кезде қосымша қағаз жұмысына айналады. Сонымен қатар, кейбір мұғалімдер бір жарым, екі ставка бойынша  жұмыс істейді. Мұндай жүктеме кезінде кәсіби түрғыдан  өзін-өзі дамыту туралы айтудың өзі артық. Олардың оқу процесіне жаңашылдықпен қарауға, шын мәнінде озық технология енгізуге уақыты да болмайды.  

Дегенмен, мұғалімдер оқу-тәрбиенің және сол арқылы бүкіл ұлт дамуының қозғаушы күші. Адами капиталды инвестициялау ең тиімді екендігі бүгінде әлемге аян, бұл туралы талай зерттеулер жазылды, яғни жақсы жалақы, мұғалімдерге берілетін әлеуметтік төлемдер отандық білім беру жүйесінің  сапасын ынталандыра алады.

Егерде сыбайлас жемқорлықтың жолын кессе, конкурс негізінде сапалы кадрларды іріктеуге болады. Оған мысал Элон Масктың стратегиясы. Ол өз компаниясының инженерлері үшін жоғары жалақы белгіледі. Соның  нәтижесінде керемет технологиялық нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстанға білім беру реформаларына шексіз еліктеумен айналыса бермей, оның орнына осындай қарапайым, тиімді  ұмтылыс беріп шабыттандыратын бағытты ұстанғаны дұрыс емес пе, деген ой амалсыздан туындайды. 

Патшалық Ресей тұсында мұғалімнің жоғары моральдық мәртебесі жоғары болды. Оған материалдық жағынан барынша көмек беріліп тұрған. Қазынадан үй бөлініп қана қоймай, оның отын жағып, жарығын қамтамасыз етететін арнайы адамы болған. Оған қоса от жағушы аспаз және қосымша көлік құралы ұсынылды. Мұғалімнің мәртебесі мемлекеттік қызметшінің деңгейіне теңестірілді. Арнайы киім берілді. Сол кезде  алтынмен (500 рубльге дейін) жоғары жалақы алған. Мұрағат деректеріне сүйенсек,  төртінші сынып мұғалімі өзінің айлық жалақысына: 3413 келі қара бидай ұны, 1706 келі бидай ұны, 1138 келі қой еті, 853 келі сиыр немесе бекіре тұқымдас балық етін және 248 келі бал сатып ала алған! Ал, осы бағаларға қарап, сол кездегі жалақыны қазіргі жалақымен салыстырып көрейік.

Дәл осы артықшылықтар бірегей инженерлік мектеп құруға жол ашты. Сол мұғалімдердің ізбасарлары ғарышқа алғашқы зымырындарды ұшырды. Бірақ сол кезде ұстазға жағдай жасалса ғана ғылым мен білімге, жалпы ел дамуына жол ашылады деген ұғым болды. Қазір біздің қоғамда осындай түсінік бар ма? 

Фархад Қасенов, саясаттанушы

Exit mobile version